ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!
Біз, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының мүшелері, еліміздің жетекші саяси партияларының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ірі қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, барлық әлеуметтік топтар мен аймақтардың мүддесін білдіретін өкілдері:
тәуелсіз Қазақстанның мықты, жетістікті және әлемнің барлық елдеріне сыйлы мемлекет болып қалыптасуындағы еліміздің Тұңғыш Президентінің үздік көшбасшылығы мен тарихи рөлін жоғары бағалай отырып;
еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік саласының одан әрі жаңғыруындағы Елбасының Мемлекеттік ұстанымын толық қолдай отырып;
үшінші жаңғырудың ұлттық жобалары мен тарихи оқиғалары – ЭКСПО Астана-2017 халықаралық көрмесі, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы саммиті, Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің теңдессіз табыстары мен жоғары жасампаздық рухын құптай отырып;
мемлекет пен оның экономикасын толық көлемде жаңғырту және «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына жету үшін қоғамдық сананы озық үлгіде жаңғырту қажеттілігі туралы Елбасының позициясын тұтас қолдай отырып;
Қазақстандық ұлтты рухани жаңғырту негізінде қазақ тілін латын қарпіне көшіру жөніндегі Қазақстан Президенті бастамасының айрықша маңыздылығын есепке ала отырып;
Қазақстан азаматтарының және келешек ұрпақтың алдындағы тарихи жауапкершілікті сезіне отырып;
Қазақстанның барлық азаматтарын Елбасының қазақ тілін латын қарпіне көшіру жөніндегі бастамасын талқылауға белсенді қатысуға және қолдауға шақырамыз.
Елбасы ұсынып отырған мемлекеттік тіл жазуының жаңғыртылуында терең тарихи логика бар.
Қазіргі уақытта мемлекеттер мен ұлттарға аса қатал талап қойылып отыр. Өз дәстүрі мен құндылықтарын, мәдениеті мен тілін жоғалтпай тұрақты жаңаруға, жаңғыруға, бәсекелік артықшылықтарын күшейтуге бағытталғандардың ғана дербес болашағы бар.
Латын әліпбиі әлемде ең кең таралған. Латын графикасы қазіргі заманғы технологиялық ортаның, бағдарламалаудың және инфокоммуникациялық технологиялардың барлық тілдерінің символдық негізі болып табылады.
Қазіргі замандағы әлемде инновациялардың, ғылыми жаңалықтар мен білім беру әдебиетінің басым көпшілігі ағылшын тілінде жарияланады.
Ағылшын әліпбиінің негізінде латын қарпіне көшу қазақ тілінің жаңа эволюциялық кезеңі болып табылады. Латынға көшу арқылы біз ұлтымыздың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыратын үш мәселені шешеміз. Біріншіден, ағылшын алфавитінің негізіндегі жаңа қаріп жүйесі жастарымыздың да жасамыстарымыздың да ағылшын тілін меңгеруін жеңілдетеді әрі жеделдетеді. Екіншіден, ағылшын алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің осы тілде жасалған мол қазынасын еркін игеруге жол ашады. Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады. Латын қарпіне көше отырып, қазіргі заманғы қазақ тілі бәсекеге қабілеттірек болады, өз дамуы мен танымалдылығында жаңа импульс алады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «латын қарпі бізге бүкіл әлем халықтарымен, әлемдік ғылым және білім берумен ашық қарым-қатынас жасау үшін керек».
Мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиі қазақстандықтардың нығаюы мен бірлігінің мықты құралы ретінде қызмет етуі тиіс. Латын жазуы – бұл Қазақстанның дамыған демократиялық мемлекет болуы мен әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу ұмтылысындағы дербес өркениеттік таңдауы.
Елбасымыз «латын қарпіне көшу орыс тілі мен кириллицадан бас тартуды білдірмейді. Біз барлық Қазақстан азаматтары тілдерінің үштұғырлығын қамтамасыз ете отырып, бірегей байлығымыз – билингвизмді ағылшын тілін меңгерумен нығайтып, толықтыруымыз қажет» деп ерекше атап өтті.
Латын қарпіне көшу – біздің еліміз үшін қағидалы мәселе және Қазақстанның әрбір азаматының қатысуын талап етеді.
Біз Қазақстан Тәуелсіздік жылдары өткен бірегей тарихи жолы, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім, халықтың рухани күші, оның уақыт талаптарын қабылдап, тек алға жүру қабілеті біздің мемлекетіміздің жетістігінің айқындаушы факторы болған және болашақта болатынына нық сенеміз.
Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының мүшелері қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін Елбасының бастамасын қолдауға барша және әрбір азаматын шақырады.
«Нұр Отан» партиясы, «Ақ Жол» Демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, «Атамекен» Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылымдар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан кәсіпкерлері форумы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі, «G-Global Халықаралық хатшылығы» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан ардагерлері» Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымдарының қауымдастығы, «Қазақстан украиндарының радасы» қоғамдық бірлестігі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы, «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдарының одағы» қоғамдық бірлестігі.
2017 жылғы 13 қыркүйек
Астана қаласы
Ұлт порталы