29 шіл, 2020 сағат 08:45

ДДСҰ: COVID-19 таралуының маусымдық сипаты жоқ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 таралуының маусымдық сипаты жоқ және ауа райының өзгеруімен де байланысты емес екенін айтты. Вирустың таралуын барлығына белгілі қарапайым ғана шараларды қолданып қана тоқтатуға болады, соның бірі – әлеуметтік қашықтықты сақтау. Бұл туралы БҰҰ Жаңалықтар орталығыnхабарлайды.

«Вирустың таралуына жыл мезгілі әсер ететініне сенуге әзірге негіз жоқ. Оның адамдар көп жиналатын, физикалық қашықтық сақталмайтын жерде таралатыны белгілі», - деді доктор Маргарет Харрис. 

ДДСҰ-ға келіп түскен мәліметтерге қарағанда, бүгінде COVID-19 вирусын жұқтырудың 16 301 736 оқиғасы расталып, одан 650 069 адам көз жұмды.

Пандемияның ошағы – Солтүстік және Оңтүстік Америка, онда 8,7 млн оқиға тіркелді. Екінші орында Еуропа - 3,2 млн, одан кейін Оңтүстік-Шығыс Азия (1,8 млн), Шығыс Жерорта теңізі (1,5 млн), Африка - 712 920 және Батыс Тынық мұхиты аймағы 291 993 тұр. 

Маргарет Харрис Женевада өткен баспасөз конференциясы кезінде COVID-19 вирусының маусымдық сипатқа ие деген пікірді жоққа шығарды.

«Мысалы, қазіргі кезде жаз мезгілі болып жатқан АҚШ-та індет өршіп тұр, ауру жұқтырудың ең көп оқиғасы сонда тіркелген», - деді Харрис. 

Оның айтуынша, қыс түскен оңтүстік жарты шарда «қызық» жағдай қалыптасқан: онда маусымдық тұмау емес, COVID жұқтырудың жоғары көрсеткіші тіркелген. 

«Сондықтан, Оңтүстік жарты шарда тұмау кешірек басталады деп ойлаймыз. Климаты бірқалыпты елдерде тұмау вирусы «маусымаралық» жағдайға оралған», - деді Харрис. 

Егер елдерге бір уақытта екі вирус - COVID-19 және тұмаумен күрес жүргізу керек болса,ж ағдайдың қалай қалыптасатынын болжап айту әзірге қиын. «Респираторлық ауру деңгейі жоғары жерде екіншісі тарала бастаса, денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме түседі», - деп толықтырды Маргарет Харрис.