02 қар, 2020 сағат 09:11

ДДСҰ басшысы коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған соң өзін оқшаулады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесусқа коронавирус инфекциясын жұқтырып алған адаммен байланыста болған соң өз-өзін оқшаулауға тура келді. Бұл туралы ол Twitter парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Менің COVID-19 вирусына шалдыққан адаммен байланыста болғаным анықталды. Өзімді жақсы сезініп жүрмін, аурудың белгілері жоқ, бірақ ДДСҰ хаттамасына сәйкес алдағы күндері өз-өзімді оқшаулап, үйден жұмыс істеймін» деп жазды ДДСҰ басшысы әлеуметтік желіде. 

«Біздің денсаулық сақтау бойынша барлық кеңесті сақтауымыз өте маңызды. COVID-19 вирусының таралу тізбегін осылайша үзіп, денсаулық сақтау жүйесін дәл осылай қорғап қала аламыз», - деп атап өтті Тедрос Аданом Гебрейесус. 

«Ұйымдағы әріптестерім және мен адам өмірін қорғап, сақтап қалу үшін ынтымақтастық белгісі ретінде, серіктес ретінде ары қарай араласамыз» деп қосып өтті ол. 

ДДСҰ мәліметінше, пандемия басталғалы әлемде 46 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған. Қауіпті вирус ғаламшардағы 1,1 миллионнан астам адамның өмірін қиып әкетті.