Әлемнің пандемиямен күресі "ұжымдық сәтсіздікке" ұшырап, адамзатқа орны толмайтын зардап әкелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғаламдық дайындық жөніндегі кеңестің (Global Preparedness Monitoring Board) жаңа есебінде осылай деп жазылған.
14 қыркүйекте жарияланған есепте денсаулық сақтау саласы сарапшыларының жылдар бойғы ескертуіне қарамастан әлем елдерінің індетке дайындыққа аз қаражат жұмсағаны жазылған. Баяндамаға сәйкес, көптеген ел басшылары ғылыми, үздік тәжірибелер мен айғақтарға сүйене отырып, ертерек шешім қабылдау мүмкіндігін жіберіп алған. Соның кесірінен қоғамда "сенімсіздік бойлап, індетке төтеп беру күрделенген".
Былтыр жыл соңында Қытайда пайда болғалы бері коронавирустың жаңа түрі кемінде 29 миллион адамға жұққан, 925 мыңнан астам адам қайтыс болған. Пандемия экономиканы күйретіп, әлеуметтік саланы күйзелтті. Баяндама авторларының есебінше, әлем covid-тің кесірінен 11 трлн доллар шығынға ұшыраған.
Әлем бойынша вирус жұқтырғандардың жартысы - Америкада. АҚШ, Бразилия, Мексика әлемде пандемиядан көбірек зардап шеккен елдердің бірі. 13 қыркүйекте ДДСҰ вирус жұқтырғандар санының бір күнде бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткішке жеткенін хабарлады: 24 сағат ішінде әлемде 307 930 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Еуропада атап айтқанда, Испания, Францияда соңғы апталарда індеттің өршуі байқалған.
Орталық Азияда бұған дейін Өзбекстан коронавирус жұқтырғандар санының көбейгенін хабарлаған. 10 қыркүйекте бір күнде 749 адамнан вирус табылған. Елде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 48 мыңнан асқан, 400 адам қайтыс болған. Коронавирус барын мойындамай келе жатқан Түркіменстанда осыған дейін ауруханалардың толып кеткені, респираторлық ауруға шалдыққандардың күрт ұлғайғаны хабарланған.
Тәжікстанда соңғы ақпарат бойынша, 9 088 адамнан коронавирус табылған, 72 адам қайтыс болған. Қырғызстанда вирус жұқтырғандар 44 999 адамға жеткен, 1 063 адам қайтыс болған. Қазақстанда коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды қосқанда вирус жұқтырғандар 136 мыңнан асқан, 2000-нан астам адам қайтыс болған. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстанда кейбір сарапшылар ресми билік жариялаған коронавирус статистикасына күмән келтіреді.