АҚШ-тың Джорджия штатында дауыстарды қайта толық санап шыққаннан кейін ол жақта демократ Джо Байденнің жеңіске жеткені расталды. Штаттың мемлекеттік хатшысы Брэд Раффенспергер штат "Байденнің жеңіске жеткеніне куәлік береді" деді.
“Аудит қорытындысының сайлау өткен түні таратылған ақпараттан айырмашылығы өте аз” деді 19 қарашада Раффенспергер жергілікті WSB-TV арнасына берген сұхбатында.
Джорджия штатында алдын ала мәлімет Байденнің Трамптан өте аз айырмашылықпен (14 мың дауыс) алда келе жатқанын көрсеткендіктен, штат заңы бойынша мұндай жағдайда шамамен 5 миллион бюллетень қолмен саналауы тиіс.
7 қарашада Байден сайлаушылар алқасының 270-тен астам дауысын алғаннан кейін ақпарат құралдары оны сайлау жеңімпазы ретінде атай бастаған.
Джорджия штатында жеңіп, сайлаушылар алқасының 16 дауысын алған Байден 306 дауыспен Трампты (232 дауыс) жеңіп отыр.
Джорджияда алға озу - демократтар үшін ірі жеңіс. Мұнда Билл Клинтон кезеңінен бері демократтардың бірде-бір кандидаты жеңбеген.
Сарапшылардың айтуынша, бұл жеңіс 5 қаңтарда өтетін сенат сайлауының екінші туры кезінде демократтарға серпін беруі тиіс. Осыған дейін Джорджиядағы сенат сайлауында кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыздан артық дауыс жинай алмаған еді. Қазір демократтар сенаттағы 48 орынға ие. Қалған екі орынға кім отыратынын 5 қаңтар күнгі сайлау анықтайды.