Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қысқы Олимпиадаға Қазақстан делегациясымен қандай лауазымды тұлғалар баратыны хабарланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Олимпиадаға министр Дәурен Абаев және өзі қатысатынын айтты. Одан басқа делегация құрамында – 34 спортшы, 20 бапкер, 7 қызмет көрсетуші, 7 штаб қызметкері және 10 дәрігер бар.
Сонымен бірге, тілшілер «Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев ашылу салтанатына қатыса ма?» - деген сұрақ қойды.
«Олимпиада комитеті басшысының қатысуы жоспарланған. Бұл міндетті. Оның Олимпиаданың ашылу рәсіміне қатысуы жоспарда бар. Олимпиада тек қана кездесулер мен жарыстардан ғана тұрмайды. Көптеген сессиялар мен кездесулер өтеді. Барлық жұмыс Олимпиада ойындары кезінде қатар өтеді», - деп жауап берді ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков.
ҰОК өкілінің айтуынша, қазақстандық делегация құрамында шамамен 100-ге жуық адам болады.
«Қазір ковидтік шектеулерге байланысты үлкен талаптар бар, сондықтан коронавирусқа шалдыққандар Олимпиадаға жіберілмейді. Делегация саны әлі де нақтыланады, шамамен 100-ге жуық адам болуы мүмкін», - деді Андрей Крюков.