03 қыр, 2021 сағат 01:21

Дәурен Абаев халық санағы не үшін қажеттігін айтты


«Ашық диалог 2» сұхбатының кезекті санында ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев халық санағы не үшін жүргізіліп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлемде цирфландыру деңгейі жоғары елдер көп. Бірақ халық санағының классикалық үлгісінен бас тартқандары саусақпен санарлық. Әдетте ондай елдердің аумағы мен халқының саны шағын болып келеді. Ал Қытай, АҚШ, Ресей сяиқты негізгі елдер әр 10 жыл сайын халық санағын жүрігізіп келеді. 10 жыл мерзім ұлттың демографиялық, әлеуметтік-экономикалық өзгеруін айқындай алатын кезең болып саналады. Бұл өте маңызды мәселе. Бізді өзіміздің қанша болғанымыз ғана емес, қандай болып өзгергеніміз да қызықтырады», - деді Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, ол санақ арқылы халықтың шынайы көңіл-күйі мен әлеуметтік жағдайын нақтырақ білуге болатынын айтады.

«Ақпараттық базалардан санақ сұрақтарының бәріне жауап суырып алу мүмкін емес. Ал санақ – барынша нақты әлеуметтану деуге болады. Соның арқасында халықтың өзін қалай сезінетінін нақты біле аламыз. Біз реформалардың тиімділігін, облыстағы, аудандағы биліктің жұмысын бағалауға мүмкіндік аламыз. Санақ кезінде эпидемиолоиялық қауіпсіздік ережелерінің бәрі сақталатыны айтпаса да түсінікті. Маска тағу, интервьюерлерді ПТР тестілеу сияқты шаралардың бәрі сақталады. Бұл тұрғыда алаңдайтын мәселе жоқ», - деді Дәурен Абаев.