12 нау, 2020 сағат 13:54

Дәурен Абаев бейбіт жиындарға қатысты әлемдік тәжірибемен бөлісті

Бүгін Мәжілісте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бейбіт жиындар туралы заң жобасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе тыңғылықты зерделенгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз халықаралық, оның ішінде ЕҚЫҰ елдерінің тәжірибелерін тыңғылықты зерделеп шықтық. Толықтай алғанда, халықаралық тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу барысындағы басты басымдық қоғамдық қауіпсіздік екендігін көрсетті. Қоғамдық-саяси ахуалдың нашарлап кетуіне байланысты бейбіт жиыналыстар өткізу жөніндегі заңнамаларын қатаңдатуға барған бірқатар демократиялық ел бар», - деді министр Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстыру барысында.

Оның атап өтуінше, заңдарын ырықтандыруға барған Франция, Германия, Ұлыбритания, Польша, посткеңестік кеңістікте Қырғызстан мен Армения сынды елдер де бар. Оларда бейбіт жиындарды өткізу ескерту жүйесі арқылы орын алады.

«Рұқсат беру жүйесі АҚШ, Швеция, Жапония, Сингапурда қолданылады. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін реттейтін қолданыстағы заңнамасы 25 жыл бұрын, 1995 жылы қабылданған. Қоғам санасына жиналыстар мәдениетін сіңіретін уақыт келеді. Сөз қолданыстағы заңнаманы тек өзгерту жайында ғана емес, тұжырымдамалық тұрғыда жаңа заң жобасы жайында болып отыр. Ол бейбіт жиындардың барлық түрлерін ұйымдастыру және өткізу мәселелерін регламенттейтін болады», - деді Дәурен Абаев.