16 қаз, 2025 сағат 11:08

Даулы видеосымен елге танылған ҚТЖ менеджері жоғары лауазымға тағайындалды

Фото: видеодан скриншот

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқару командасын күшейту мақсатында бірқатар маңызды кадрлық өзгерістер жасалғанын хабарлады. 

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директоры (Басқарма төрағасы) Асан Үмбетов болды», – делінген хабарламада.


Бұл ауқымды өзгерістер аясында тек Үмбетов қана емес, Владимир Петров, Сәкен Рахметов, Марат Шәкенов, Дияр Нүсіпқожанов, Александр Ширяев сынды мамандар да басшылық қызметтерге келді.

Компанияның ресми хабарламасында бұл тағайындаулар теміржол саласының негізгі бағыттарында кәсіби сараптаманы күшейту мақсатын көздейтіні атап өтілген.

«Басшы лауазымдарға тағайындалған барлық мамандар теміржол саласында көп жылдық тәжірибеге ие және өздерін елдің көлік жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан мамандар ретінде көрсете білді. Олардың саланың ерекшелігін терең түсінуі, стратегиялық ойлауы және нәтижеге бағдарлануы ҚТЖ алдында тұрған негізгі міндеттерді іске асыруда маңызды фактор болады», – делінген хабарламада.


Еске сала кетейік, «Қазақстан теміржолы – жүк тасымалы» ЖШС локомотив шаруашылығы жөніндегі бас директорының орынбасары Асан Үмбетовтің балағат сөздер қосып сөйлеген видеосы желіде тараған болатын. Жағдай Қарағанды облысында вагондардың рельстен шығып кету оқиғасын кейін болған. Ол теміржолшыларға қатаң ескерту жасап, балағат сөздермен қатқыл сөйлеген. Мұны біреулер әдепсіздік деп бағаласа, басқалар керісінше кәсібидік, жанашырлық және шынайылыққа балаған.