21 жел, 2024 сағат 12:04

Дауға айналса, «Аssyltas» стипендиясын тоқтатамыз – Дулат Тастекей

Фото: ұйымдастырушылардан


Алматыда «Assyltas» қоғамдық қорының жыл қорытынды кешінде «Assyltas» стипендиясының иегерлері марапаттталды. Қоғамдық маңызы бар төрт номинация бойынша стипендия жеңімпаздары «Assyltas» қоғамдық қорының сайтында ашық халықтық дауыс беру, сондай-ақ екінші турда қазылар алқасы мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.


Естеріңізде болса, бұған дейін әлеуметтік желілерде «қатысушыларды қайыршы қылды», «дауыс сұрап, жалынғандар көбейді», «қазылар анықтаса, дауыс неге жинайды» деген сияқты пікірлер туындап, желі қолданушылары өзара дауласқан болатын. Ult.kz тілшісі қордың құрылтайшысы Дулат Тастекейге қоғамда қызу талқыға түскен мәселеге қатысты пікірін сұрап білді.


«Бұл бірінші жыл емес, бірнеше жылдан бері төрт аталым бойынша беріліп келе жатқан стипендия. Біз лайықты үміткерді таңдап алуға тырысамыз. Мен өз басым тікелей дауыс жинауға және дауыс беруге қатыспаймын. Басынан бастап солай келісілген. Бірінші халық дауыс береді. Халық таңдаған үміткерлердің ішіндегі үш мықтыға сол саланың белді мамандары дауыс береді. Жыл бойы істеген жұмыстарын ескере отырып, кімнің күшті екенін анықтайды.
Енді жеңіс бар жерде жеңіліс те бар. Жеңіліс бар жерде жеңіс те бар. Енді қатты айтсақ, «жығылған күреске тоймайды» деген түсінік бар. Барлық адамға бірдей жүлде береміз, стипендия береміз деп уәде берген жоқпыз. Сондықтан нақты стипендияға қолы жетпей қалған адамдардың реніші шығар. Менің әр салаға тікелей баға беретін құзіреттілігім жоқ. Бірақ біздің ниетіміз бір, еліміздің сол бағыттағы өкілі жыл бойына қаржы жағынан тарықпасын деген ниет қана», – дейді Дулат Тастекей.


Айта кетейік, стипендияның көлемі – 1 500 000 теңге. Бұл баға алдағы уақытта өсе ме, келесі жылғы бюджет қандай болуы мүмкін деген сұраққа қор құрылтайшысы тосын жауап қатты.


«Біз стипендияны бермей-ақ қойсақ та болады. Мысалы, келесі жылы осы стипендияны тоқтатып тастайық, егер ұнамаса бермей-ақ қояйық. Біз ол дауысқа мұқтаж емеспіз, мәжбүр емеспіз. Жалғыз ниетіміз жақсылық жасау. Сол саланың бір өкіліне көмектесу, қолғабыс болу. Тырнақтың астынан кір іздеген адам табады, дәл мұндай дау болатын болса, мүлдем тоқтатып тастау жоспарда бар», – деді «Аssyltas» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тастекей.


Сонымен биыл Әдебиет аталымы бойынша «Аssyltas» стипендиясының иегері 2024 жылы жарық көрген «Ағыраптағы аты жоқ адам» кітабының авторы Қанат Әбілқайыр болды. Ал Ғылым аталымы бойынша Нұрхат Жақиев алса, Журналистика аталымы бойынша «Assyltas» стипендиясының иегері «Egemen Qazaqstan» газетінің журналисі Маржан Әбіш болды. Ал Спорт аталымы бойынша «Assyltas» стипендиясына  Абиба Әбужақынова лайық деп танылды.