ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт білім беру мекемелеріндегі психологтар институтын дамыту, оларды кәсіби даярлау мәселесі туралы Білім министрі Асхат Аймағамбетовке сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін бір жарым жыл уақыттан кейін оқушыларымыз қашықтан оқыту тәсілінен дәстүрлі білім алуға оралып, қайта партаға отырды. Балаларымыз енгізілген шектеулерге байланысты үй жағдайында, сыныптастарымен қарым-қатынассыз уақыт өткізуге мәжбүр болды. Осы жағдайды ескеріп, 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Президент Қ. Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда жіберілген қателіктерді атап, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшу тәртібін әзірлеуді тапсырған еді. Эпидемиологиялық талаптарды сақтау үшін мектептерде тиісті жұмыстар жүргізілуі қажеттігін көріп отырмыз және оған барлық күш жұмылдырылып та жатыр. Ал енді білім алудың дәстүрлі тәсіліне көшкенде балалардың психологиялық жағдайына ерекше назар аударуымыз қажет деп ойлаймын», - деді Д. Нұржігіт Сенат отырысында.
Депутат қазір кәсіби көмексіз және педагог-психологтардың қолдауынсыз білім ордаларында оқу үдерісін қалыптасру оңай болмайтынын атап өтті.
«Өкінішке орай, оқушыларымыз осынша уақыт аралығында виртуалды желі әлеміне еніп кетіп, тіпті бір-бірімен аралсудан, тіл табысып, адами қарым-қатынас құрудан қалып барады. Ақпараттық технологиялардан хабардар болу, сауатты болу – бүгінгі заманның талабы, әрине. Алайда ақпараттың алапат ағымына тұншығып, балалық шақ, ата-ана мен бала арасындағы байланыс үзіліп барады. Әлемде болып жатқан қайғылы оқиғалар – буыны қатпаған бала үшін ауыр психологиялық соққы. Сондай-ақ, желіде отырған баланың барлығы кибербуллингтің не екенін, оны қалай анықтап, кімге шағымдану керектігін білмейді. Ал отбасында зорлық-зомбылық көріп өсіп жатқан балаға құқықтық көмекпен қатар, психологиялық көмек тіпті қажет», - деді ол.
Осы айтқан мәселелердің барлығы карантин жағдайынша ушыға түседі. Сондықтан, сенатор мектептегі педагог-психологтар жұмысын жандандыру үшін мемлекет тарапынан қолдау керек деп есептейді.
«Қазіргі жағдай мынадай: мектептердегі психологтардың жұмысын ұйымдастыру деңгейі және ол жұмыстың сапасы әр өңірде әртүрлі. Бір сөзбен айтқанда, жүйе жоқ. Білім жүйесіндегі психологтардың мәртебесін, орнын, психологиялық қызмет жұмысының әдісін, тапсырмаларын, міндеттерін, мақсаттарын анықтауда да бірізділік жоқ. Өйткені «Білім туралы» Заңға сәйкес бұл жұмыс жергілікті органдарға жүктелген.
Жалақы мәселесіне келсек, 2019 жылдан бастап, шамамен 7 мың психологтың еңбекақысы көтерілді. Алайда орта мектептерде 7-10 жылдық еңбек өтілі бар педагог-психолог 70 мың теңге жалақы алады. Ал ауылдық жерде мұндай мамандардың жалақысы 30-50 пайызға көп деп айтқанымызбен, ондағы мектептерде сыныптар саны 15-тен төмен, яғни психологтар жалақысы шамамен 50 мың теңге деген сөз», - дейді Д. Нұржігіт.
Сонымен бірге, мектеп психологтарының біліктілігін көтеру бүгінде мемлекет есебінен жүргізілмейді. Әр психолог өздігінше ізденіп, оқуына қаржыны өз қалтасынан төлеуге мәжбүр.
«Ұлтымыздың психологиялық жағдайына назар аударып, болуы мүмкін моральдық-психологиялық дағдарыстардың алдын алу үшін мына мәселелерге көңіл бөлуіңізді сұраймын: білім ордаларындағы психологтар институтын қалыптастыру, яғни мамандар санын көбейтіп, олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру; саланы арнайы әдістемелік оқу құралдарымен қамтамасыз ету арқылы бірізді жолға қою; білім ордаларында жайлы психологиялық ахуал қалыптастыру үшін кешенді бағарлама әзірлеу. «Жаны саудың тәні сау» дейді халқымыз, оған қоса коронавирус індеті салдарының бірі – психологиялық соққы екеніне де көзіміз жетті. Сондықтан менің айтып отырған мәселем – балаларды ғана емес, психологтар институты арқылы отбасындағы ахуалды, сондай-ақ жалпы ұлттың моральды психологиялық жағдайын сауықтыру», - деді Дана Нұржігіт.
