28 ақп, 2022 сағат 00:35

Дархан Кәлетаев «Жасыл дәлізге» қатысты түсінік берді


Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев «Жасыл дәліз» жүйесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жасыл дәліз» жүйесі бойынша түсінік беріп өтейін. Ол дегеніміз шенген визасынсыз шекарадан өту. Жүргізілген келіссөздерден кейін бізге жасыл дәлізбен өтуге рұқсат берілді. Бірақ, бұны қазақстандықтар дұрыс түсінбеген секілді. «Жасыл дәліз» тек қана қазақстандықтарға арналған кептеліссіз жол дегенді білдірмейді. Әскери жағдайда ондай әрекетке рұқсат берілмейді. Украина аумағынан кеткісі келетіндер көп, жалғыз біз емес. Және шекарадан тек дипломатиялық нөмірі бар автомашиналарды шығарып жатыр. Заң солай», - деді Дархан Кәлетаев. 

Сондай-ақ, елші қазақстандықтарды автобуспен шекараға дейін жеткізу мәселесіне тоқталды. 

«Отандастарымыз мінген автобустардың алғашқы легі жолға шыққан кезде, Львовта бір топ адам жиналып, шұғыл түрде Польшаға жеткізуімізді сұрады. Қазақстанның Львовтағы құрметті консулы Галина Маслюк оларға 3 автобустың кептелісте тұрғанын айтып, күтулерін сұрады. Дегенмен жиналғандар өздері автобус жалдап жолға шыққан. Олар қазір әлі кептелісте тұр, ал қазақстандықтарды алғашқы легін алып кеткен автобус қайта оралып, екінші рейс жасап жатыр», - дейді ол.