17 шіл, 2020 сағат 12:44

Дәрігерлер өкпені желдету аппараттарын 3 есе қымбат бағаға сатып алған

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының 2 орынбасары өкпені жасанды желдету аппараттарын 3 есе қымбат бағаға сатып алған. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні барлық өңірлерде медициналық техниканы, оның ішінде өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық жағдайларына тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта мұндай белгілер бірнеше аймақта анықталған. Мәселен, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының 2 орынбасарына қатысты әрқайсысын 17,4 миллион теңгеден 10 өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аппараттар «СК-Фармация» ұсынған бағадан 3 есе жоғары бағаға сатып алынған», - деді ол агенттіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында. 

Мұнан бөлек, оның дерегінше, Қостанай облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық аурухананың лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. 

«Олар медициналық техниканы жеткізу туралы шартты серіктестікпен жасап, 181 872 000 теңге көлеміндегі қаражатты жымқыруға оқталу күдігіне ілініп отыр», - деді департамент директоры.