28 қыр, 2022 сағат 18:40

Дәрігер салғырттығы: ДСМ Ақтөбедегі жағдайға қатысты тексеруді бастады


Денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбедегі мектеп оқушыларын БЦЖ вакцинасымен қайта вакциналау дерегі бойынша қызметтік тексеруді бастады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазіргі уақытта бұл инцидент бойынша құрамында Денсаулық сақтау министрлігінің бейінді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеттерінің басшылары, бейінді мамандары бар комиссия құрылды, олар эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, сараптамалық қорытындының негізінде болған инцидентке баға береді", - делінген хабарламада.  

Сондай-ақ, Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың денсаулық жағдайына тұрақты мониторинг жасап жатқаны айтылды.

Айта кетейік, 13 қыркүйекте Ақтөбе қаласының №74 жалпы білім беретін орта мектебінде туберкулиндік диагностикаға жататын бірінші сынып оқушыларына манту сынамасын жүргізбей, БЦЖ вакцинасымен қайта вакциналау дерегі орын алған.

Мектеп бойынша профилактикалық екпелерді жүргізу үшін жауапты орындаушылар ретінде Ақтөбе қаласындағы жеке клиниканың («Медикус орталығы» ЖШС) дәрігері мен мейіргері тағайындалған. Бұл медицина қызметкерлері бүгінде жұмыстан шеттетілді.