28 ақп, 2020 сағат 09:55

Дариға Назарбаева реформаның салдары неге әкеп соққанын айтты

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева аграрлық секторды жүйесіз реформалаудың салдарынан тұтас ауылдар жойылып кетіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Аграрлық секторды тұрақты түрде жүйесіз реформалау жылдары  ауыл шаруашылығын дағдарысқа, өндірістің күрт құлдырауына, өндірушілер табысының төмендеуіне, ауылшаруашылығы өнімдерінің, шикізат пен азық-түлік бағасының көтерілуіне және басқа да келеңсіз жағдайларға алып келді", - деді Назарбаева агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері туралы парламенттік тыңдауда.

Айтуынша, жүйесіз реформалар кезінде ауыл шаруашылығында жұмыс күші құнсызданып, ауылдарда жұмыс орындары азайды. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер қысқарған.

"Ауыл тұрғындарының саны азайып, біртіндеп бүтін елдімекендер жойылып кетіп жатыр", - деп алаңдады сенат спикері.

Назарбаева сандық және пайыздық көрсеткіштерге қарамастан, соңғы он жылда ауыл шаруашылығы тоқырауға ұшырағанын қадап айтты.

Ауыл шаруашылығының ЖІӨ үлесі он жыл ішінде 5 проценттен аспаған, ал кейінгі жылдары тұрақты түрде төмендеп барады.

"Көбіне кестелер мен сандардың артында адамдардың нақты проблемалары тұрғанын көре бермейміз. Біз саланың әлеуметтік өлшеміне назар аударуымыз керек. Ауылдың тұрмыс салты мен өмір философиясы қаладағы өмірден мүлдем өзгеше. Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, осы жылдың 1 қаңтарында экономика саласындағы ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығында болған", - деді Назарбаева.

Ол бұл мәселелердің бәрі мемлекет назарынан тыс қалмағанын атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, 2010 жылдан бері Қазақстанда 3 мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың қолданыстағы үшінші мемлекеттік бағдарламасы 2021 жылы аяқталады.

Статистика комитетінің мәліметінше, 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 4,5 триллион теңгеден аспаған. 2021 жылға қарай саланы дамыту бағдарламасы аясында оны 8,2 триллионға дейін өсіру жоспарланып отыр.

"Бағдарламаны жүзеге асырудың үш жылында 2 триллион теңгеге жуық қаражат тек агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға жұмсалған. Мемлекет бұл саланы белсенді дамытуға алғышарттар жасап, жағдайды жақсарту үшін үнемі шаралар қабылдап жүр деп білеміз. Ауыл тұрғындары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардан ең көп жеңілдіктер мен  жәрдемақы алушылар қатарында деп есептейміз.  Бірақ іс жүзінде бағдарламалар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып жатыр ма? Бізге мемлекеттік бағдарламалардың сәтті әрі нәтижелі жүзеге асырылуына не кедергі екенін түсіну керек", - деді спикер.

Назарбаева ауыл шаруашылығы дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, Қазақстанның өз даму жолын таңдауға шақырды.