2019 жылы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауында Сенат спикері Дариға Назарбаева өз кандидатурасын ұсынуды жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы Назарбаеваның көмекшісі Сәуле Мұстафаева мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Жоқ, Дариға Назарбаева өз кандидатурасын ұсынбайды", - деді Мұстафаева телефон арқылы.
Саясаттанушы Оразғали Селтаевтың пайымдауынша, басқарушы партия атынан Қасым-Жомарт Тоқаев үміткер болады және мемлекеттік аппарат оған қолдау көрсетеді, деп жазады Sputnik агенттігі.
Оразғали Селтаев Дариға Назарбаева президенттікке үміткер болуы мүмкін деген пікірдің еш негіз жоқ деп санайды, себебі жаңа билік құрылымына ауысу және бекіту процесінде оған басқадай рөл берілген.
"Назарбаева мемлекет басшысы болып сайланатын адамның мақсаты мен күтпеген әрекетін қадағалап, бақылауда ұстау үшін сенат төрағасы қызметіне келді", - деп жазды саясаттанушы Telegram-арнасында.
Оның ойынша, Дариға Назарбаева парламенттегі беделін арттыруға күш жұмсайды және парламенттік сайлаудан соң төменгі палатадағы депутаттық корпуста сенат төрағасының адамдары көбейеді.
"Орталық билік органдарынан гөрі парламенттің салмағы арта түседі. Ол үкімет және президент әкімшілігімен өзара іс-қимылда тең дәрежелі серіктес мәртебесіне жақындайды. Дариға Назарбаева жеке аппараттық және саяси ықпалын белсенді арттырады. Президент әкімшілігі іс жүзінде парламентке тікелей жетекшілік етпейді", - дейді саясаттанушы.
Бүгін, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтетінін мәлімдеді.