Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүрген азаматтардың бәріне алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кез келген дағдарыс әрқашан мемлекеттің беріктігін, қоғамның бірлігі мен азаматтың адами құндылықтарына түсетін сынақ іспетті. Сенаторлардың және өзімнің атымнан қиын кезеңде жұдырықтай жұмылып, бірлік танытып отырған Қазақстан халқына, түсіністік пен шыдамдылық танытып отырған елдің әр азаматына шын жүректен алғыс айтамын. Мен жақындары және туыстарынан айрылған отбасылардың бәріне қайғырып көңіл айтамын. Науқастардың тезірек жазылып кетуін тілеймін! Бүгінгі таңда медициналық мекемелердің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметкерлер және еріктілер шиеленіскен тұста жұмысын жалғастырып жатыр. Қазір олардың бәріне де оңай емес. Өйткені олар ауруханалар мен жұқпалы аурулар бөлімшелерінде, жолдар мен көшелерде қорғанысты ұстап тұр. Олар емдейді, адамдардың өмірін сақтайды, вирустың таралуына жол бермей, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, күнделікті ерлік көрсетеді», - деді Дариға Назарбаева онлайн режімде өткен Сенат отырысында.
Сенат төрағасы осы қиын-қыстау күндерде олардың бәрі де көпке үлгі болып отырғанын жеткізді.
«Менің ойымша бүгін әрбір қазақстандық алдыңғы шепте тұрғандарға айтқан алғысыма қосылатынына сенімдімін. Мәслихат депутаттарына да ерекше алғыс білдіргім келеді. Олар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтау үшін барлық мүмкіндікті жасауда. Қиын жандарға қайырымдылық көмек көрсететін кәсіпкерлерге - олардың жомарттығы, азаматтық позициясына, қаржылық қолдау көрсеткеніне алғыс айтамыз», - деді ол.