18 мам, 2018 сағат 19:24

Дариға Назарбаева баспана бағасын арзандатуды ұсынды

Сенат депутаты Дариға Назарбаева Қазақстанда тұрғын үйлердің бағасын төмендетуді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы ол тұрғын үй құрылысы тақырыбына арналған дөңгелек үстел барысында айтты.

"Тұрғын үйдің шаршы метрінің өзіндік бағасын арзандатуға бағытталған қандай да бір жол картасын ойластыру туралы ұсыныс айтамын", - деді сенатор.

"Аумағымыз өте үлкен екенін, түрлі климаттық жағдайлар бар екенін және тағы басқа себептердің бар екенін түсінемін. Сондықтан әртараптандырылған тұрғыдан қарау керек", - деді Дариға Назарбаева.

Сондай-ақ, сенатор жалдамалы тұрғын үй құрылысы үшін жекеменшік бизнесті жандандырудың маңызды екенін айтып өтті.

"Бұл да өте жақсы бизнес болуы мүмкін. Девелоперлік бизнес деп аталады. Расында дамыған елдерде жалдамалы тұрғын үй құрылысы жақсы дамып жатыр. Солардың тәжірибесі мен механизмін зерттеудің пайдасы болар еді", - деді Дариға Назарбаева.