Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіруге арналған ведомствоаралық кездесуде елордалық оқушылардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әскерде борышын өтеуден қашқақтайтын жастарға көзқарасыңыз қандай?», - деп сұрады сенатордан астаналық мектеп-гимназиялардың бірінің оқушысы.
«Менің ойымша, әскерде борышын өтеуден қашатындар көп нәрсені жоғалтады. Физикалық дайындық, шынығу мүмкіндіктерінен айырылады, көптеген қасиеттерін жоғалтады. Мұндай жастармен жұмыс істегім келеді, олар әскери қызметтің бүгінде қандай артықшылықтары бар екенін білуі тиіс», - деді Д.Назарбаева.
Тағы бір оқушы Д.Назарбаеваның балалық шағындағы сүйікті мерекелері жөнінде сұрақ қойды. Оған депутат Жаңа жыл және 1 мамыр деп жауап берді.