20 мау, 2017 сағат 18:57

Данияр Ақышев долларландыру процесін үлкен проблема деп атады

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев елдегі долларландыру мәселесін үлкен проблема деп атады. Бас банкир бұл процесті жүзеге асыруға қандай күш талап етілетіндігін айтып берді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, долларландырудың жоғары көрсеткіштері екінші деңгейлі банктердің ғана емес Ұлттық банктің де жұмысына кері әсер етеді.

Алайда, бұл кері әсер ету ықпалын бірнеше тәсілдермен азайтуға болады.

Ол үшін айналымнан долларды алып тастау сияқты қадамдарға барудың керегі жоқ.

«Экономиканы долларландыру - үлкен проблема. Бұл ҚР Ұлттық банкінің жұмысына кедергі келтіреді. Өйткені, бас банк ұлттық валютаның эмитенті болып табылады. 2016 жылы елдегі долларландыру көрсеткіші 80% болды, жеке тұлғалардың депозиттерінің барлығы шетелдік валютада болды. Осындай жағдайда банктер жұмыс жасай алмайды. Өйткені оларда теңге болмады. Орталық банк дұрыс ақша несие саясатын жүргізе алмады. Өйткені, біз теңге нарығындағы ставкаларды пайдаланамыз. Ал банктерде тек доллар», - деді Д. Ақышев.

Бас банкир теңге депозиттерінің көлемін арттыру үшін қандай қадам жасалғанын айтып өтті.

«Долларландыру процесін бастан өткеру керек. Мұны нарықтық тетіктермен жасауға болады. Әрине, әкімшілік құралдар да бар. Бірақ доллармен ақша жиюға тікелей тыйым салу Қазақстанда мүмкін емес.

Сондықтан теңге депозиттерінің ставкасын көтеріп, доллар депозиттерінің ставкаларын азайттық. Қазіргі таңда жеке тұлғалар, кәсіпорындар, мен ұйымдар активтерін теңгеге ауыстыра бастады. Талдау қорытындысына сәйкес, соңғы 15 айда доллар бағамы төмендеді», - деді ол.

Айта кету керек, 2015 жылы Қазақстанда экономикадағы долларландыру деңгейін төмендету бойынша жоспар қабылданған болатын. Бұл жоспар ҚР Үкіметінің отырысында, Ұлттық банк басқармасының отырысында мақұлданды.

Жоспарға макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаражаттың көлеңкелі айналымын қысқарту мен нақты ақшасыз төлем көлемін дамыту, ұлттық валютаның басымдығын арттыру сияқты 3 негізгі стратегиялық бағыт енген болатын.

2017 жылдың сәуірінің соңында ұлттық валютадағы депозиттер көлемі  9 090,2 млрд теңгеге жеткен (1 айда 2,6%-ға өскен), шетелдік валютадағы депозит көлемі 1 айда 1,4%-ға азайып, 8 654,7 млрд теңге болды.

Осымен екінші ай бойы ұлттық валютадағы депозиттер көлмі шетелдік валютадағы депозиттер көлемінен артық болып отыр.

Долларландыру көлемі 49,8%-дан 48,8%-ға дейін төмендеді.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2017 жылы сәуірде 0,6%-ға артып, 5 752,5 млрд теңгені құрады. Шетелдік валютадағы депозит көлемі 0,3%-ға төмендеп, 4 415,9 млрд теңгеге жетті.