«Ақ жол» партиясынан Президенттікке үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды штабы кездесуін Қарағанды қаласында өткізді, деп хабарлайды штабтың баспасөз қызметі.
«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Дания Мәдиқызы өзінің кезекті сапарында Қарағанды өңіріне ат басын бұрды. Азат Перуашев бастаған іс-шараға Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев, партия төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев қатысты.
Кездесу барысында қарағандылық кәсіпкерлер сайлаулды бағдарламасымен танысып, өздерінің ойларымен бөлісті. Қозғалған тақырыптар: елдегі шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және салықты азайту мәселелері т.с.с.
Кәсіпкерлер аймақтағы жеке бизнестің ахуалын айтып түсіндірді. Партияның Қарағанды облыстық филиалының дерегіне сәйкес, былтыр мемлекеттік органдар тарапынан көрген әкімшілік қысым, заңсыз тексерулер және басқа да құқықбұзушылықтар туралы 800-дей кәсіпкер шағымданған екен.
«Осындай жұмыс сапарлары арқасында біз назар аударарлық өзекті мәселелерді білеміз», - деп атап өтті Азат Перуашев.
«Ақ жол» партиясынан Президенттікке үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасымен Қарағанды турбомеханикалық зауыты да танысты. Кәсіпорын жылу электростанция құрылғыларын жөндеу, қосалқы жабдықтарын даярлау саласында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Осы жыл аралығында түрлі қуаттағы төрт жүздей турбина жөндеуден өтті.
Зауыт жұмыскерлерімен кездесу барысында үміткер отандық бизнесті қолдау, ішкі нарықта қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беру туралы өз ойларымен бөлісті. «Шетелдік компаниялардың өзі қазақстандық шағын және орта бизнестің қызметін пайдалануы тиіс», - деді Еспаева.
Сайлауалды штаб мүшелері көпшілікті мазалаған сұрақтарына жауап берді.