27 нау, 2018 сағат 09:38

Даниал Ахметов шығыстағы ахуал жайында Үкіметке есеп берді

Бүгін Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа өңірдегі су басқан елді мекендерде жұмыстар қалай жүргізіліп жатқанын баяндады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл шығыста түскен жауын-шашын көлемі төмен болғанымен, жер тоңы өткен жылмен салыстырғанда 2 есе қалың екен. Сонымен қатар, ол осы жылы өзендерде қатқан мұздың қалыңдығы кей жерде 1 метрден асатынын жеткізді.

«Наурыздың 1-інен 25-іне дейінгі аралықта жауған жаңбыр қалыпты нормадан 3 есе артық болды. Қазіргі таңда облыста 481 үйді су басу фактісі тіркелді. Бүгінде 175 үйде әлі су бар. 628 үй мен 110 саяжайдың ауласына су кірді. Осыған қатысты жоғары деңгейлі дайындық режимі Өскемен және Семей қаласында, Жарма, Зырян, Күршім, Қатонқарағай, Ұлан аудандарында енгізілді. Облыстың үш ауданында Аягөз, Глубокое, Шемонаихада табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды», - деді облыс әкімі Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Даниал Ахметов су тасқыны салдарынан Аягөзде 14 үй қирап, 19 үйдің жағдайы апатты деп танылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі жағдай тұрақты.

«286 адам үйіне оралды. Тек қана 12 адам қазіргі кезде уақытша интернетта тұрып жатыр. Өткен 2 аптаның ішінде 32 үй сатып алдық. 14 үйге азаматтар кірді. 2-3 күннің ішінде қалған 18 үйге кісілер кіреді. Бүгін мен сол жаққа тағы да барамын. Құрылысшылармен бірге барлық 140 үйдің жөндеу жұмыстарына бақылау жасап, оны бір айдың ішінде жүзеге асырамыз. Қазіргі таңда біз осы ауданға 259 млн теңге бөлдік. Барлық жөндейтін үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын», - деді ол.

Кейін облыс әкімі Глубокое ауданы мен Прогресс, Белоусов ауылдарындағы жағдай тұрақты бақылауға алынғанын атап өтті.

«Адамдарды қауіпсіз жерге көшіру бойынша тиісті шаралар қабылданды. Жалпы 172 үйге су кірген. 567 адам су басу қаупі бар аймақтан қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың ішінде 53 адам үш мектеп интернатқа орналастырылды. Үш мерзімді тамақ және басқа да мәселелер шешілген. Қалған тұрғындар өз туыстарының үйіне уақытша көшіп барды. Қазір арнайы комиссия құрылып, зардап шеккен үйлерді аралап жүр. Біз комиссия шешімін басшылыққа алып, шығынды өтейміз. Қайырымдылық қорына 50 млн теңге бердік», - деді Даниал Ахметов.

Кейін ол су басқан Шемонаиха ауданындағы жағдайға тоқталды.

«Шемонаиха ауданында өзім болдым. Қазіргі таңда онда жауын суы таудағы қар суымен араласып, Оба өзенінің деңгейі 1,5 метрге көтерілді. Ол жағдай мен сол жерде болған кезде болды. Салдарынан өзен мұзы қозғалып, сең жүрді. Айта кету керек, өзен мұзын дер кезінде жармағанда апат салдары мұнан да біршама қиын болар еді. Сондықтан бұл жұмыс жалғасып жатыр. Ауданда 42 үйге су кірген. Қазір барлық кісі үйлеріне оралды. Тиісті комиссия жұмыс істеп жатыр. Арнайы қор ашу бойынша шаралар қабылданды. Бүгін осы ауданға тағы да 50 млн теңге бөлеміз. Барлық мәселе бақылауда», - деді облыс әкімі.

Сөз соңында Даниал Ахметов облыстағы жағдай тәулік бойы бақылауға алынғанын, жедел шаралар қабылданып атап өтті.