«Даму» қорын «алдамақ болған» кәсіпкерлер жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Даму» қорының басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2019 жылы қаражатты мақсатсыз 20 қарыз алушы пайдаланған. Экономика саласы бойынша берген өтінімінен тыс бизнес бастамақ болған 15 қарыз алушы анықталды. Сол секілді жұмыс орындарын ашып, салық төлеу жағынан міндеттемелерін орындай алмағандар кездесті», - деді Фархат Сәрсекеев.
Оның айтуынша, 2019 жылы банктер мен микронесиелік ұйымдарға талдау жасалған.
«Біздің қарыз алушылардан қаражатты мақсатсыз пайдалану бойынша 2,2 млрд теңге қайтарылды. Кейде қаражатты мақсатсыз пайдалану жағдайы кездеседі. Мәселен, бір өтініш иесі мектеп немесе балабақша салуға өтінім беріп, оның нысаны құрылыс барысында ол мейрамханаға немесе дәмханаға айналып кетуі мүмкін. Алайда мемлекеттік қолдау тұрғысынан мейрамхана немесе дәмхана басымдыққа ие сала емес. Тиісінше, мұндай жағдайда өтініш иесіне бас тартуға тура келеді. Себебі, мемлекет басымдыққа ие салаларды бекітіп қойған», - деді ол.
Фархат Сәрсекеев мемлекет басымдыққа ие салаларды бекітуінің өз себебі барын айтады.
«Мәселен, тауарды шексіз импорттай бермей, өз елімізде өндірілуі керекті өнімдерге жеңілдетілген несие беріледі. Алайда кәсіпкерлердің жобаны жүзеге асыру барысында жоспарлары өзгеріп кететін кездер болады. Мұндай жағдайды, әлбетте, біз қаражаттың мақсатсыз пайдалануына жатқызамыз», - деді ол.