02 қыр, 2021 сағат 14:32

"Cырттан төнетін қауіп-қатерлерге әрқашан әзір болуымыз керек" - генерал-майор


Президент Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен Әскери доктринасын қайта қарауды тапсырды. Сондай-ақ Қарулы Күштердің сырттан төнетін қауіп-қатерлерге әрқашан әзір болуы керектігін атап көрсетті, дейді ҚР Қарулы Күштері Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев.

Бас штаб бастығы орынбасарының айтуынша, мемлекеттік аппаратта осыған қатысты іс-қимылдың пысықталған жоспары болуы шарт.

Бұндай жағдайда Қарулы Күштер әрдайым соңғы қолдану құралы болып табылады. «Сондықтан сырттан төнетін қауіпті модельдеу кезінде біз оқиғаларды дамытудың барынша жағымсыз нұсқаларының сценарийлерін пысықтаймыз», - дейді ол.

«Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде жаңа өңірлік және жаһандық сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлердің орын алуын ескеріп, ведомствоаралық тәсілді қолдану өзекті болып отыр.

Қорғаныс министрлігі барлық мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекет жасау арқылы, әскери қатерлердің өршуі және соғыс жағдайы енгізілген кезде, мемлекет қызметін жоспарлауды жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта бірлескен әскери оқу-жаттығуларды өткізу жоспарланып отыр. Жағдайдың кенеттен өзгеруіне қатысты мәселелер де пысықталады. Бұл ретте Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты қауіп-қатерлер де негізге алынады.

Жаңа Әскери доктринада бюджеттің мүмкіндіктері мен отандық экономиканың әлеуетіне төнуі мүмкін қатерлер ескеріледі. Осыларға сүйеніп, жалпы мемлекеттік қорғаныс саясатының нақты саяси бағдарлары қалыптасады».