7 қыркүйекте Қазақстанда 3639 адамнан коронавирус анықталды. Олардың барлығының ПТР тесті оң көрсеткен. Денсаулық сақтау министрлігінің сәрсенбі күнгі хабарламасында осындай мәлімет жазылған.
Елде індеттің беті қайтқаны байқалады. Осы аптадан бастап коронавирус бойынша күндік көрсеткіш шілде мен тамыз айларынан бері алғаш рет 4 мыңнан төмен түсті.
Өткен тәулікте Алматыда – 911, Қарағанды облысында – 350, Нұр-Сұлтанда – 326, Алматы облысында – 265, Павлодар облысында – 218, Ақмола облысында – 217, Ақтөбе облысында 207 науқас тіркелген. Қалған қалалар мен облыстарда коронавирусқа шалдыққандар 200-ге жетпейді.
2020 жылдың наурыз айынан бері Қазақстанда 824 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. 734 мыңы жазылған. Кеше, 7 қыркүйекте 6894 адам айыққан.
Қазақстанда пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққандар Covid статистикасына енгізілмей, бөлек есептеледі. Бірақ халықаралық сарапшылар оны коронавирус деп есептейді. 6 қыркүйекте Қазақстанда 342 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталған. 2020 жылдың 1 тамызынан бері 71 мың адам осы аурумен ауырған. 59 мыңы жазылған.
Індет басталғалы бері коронавирус тесті оң шыққандар арасында 9987 адам өлімі тіркелген. 6 қыркүйекте 72 адам қайтыс болған. 2020 жылдың тамызынан бері 4,5 мың адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған. 10-ы екі күн бұрын қайтыс болған.
Қазір 87 015 адам коронавирус инфекциясынан (–79 248 + және 7 767 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 18 333 пациент стационарда, 68 682 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
• 1 377 адамның жағдайы ауыр,
• 378 пациенттің жағдайы өте ауыр,
• 197 науқас жасанды тыныс алу аппаратында жатыр.
Республикадағы инфекциялық және реанимациялық орындардың 36 пайызы бос емес. Жалпы 18,3 мың орын бар, 1755-інде науқастар жатыр.
19 млн халқы бар Қазақстанда 5,7 млн адам вакцинаның толық дозасын алған. 1,2 млн адамға бір дозасы ғана салынған.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы бері әлемде 221 миллионнан астам адам коронавируспен ауырған, 4,5 миллионы қайтыс болған.
