12 сәу, 2021 сағат 09:31

Коронавирус: Бір күнде 2,3 мыңнан астам науқас тіркелді

11 сәуірде Қазақстанда 2290 адамның анализінен коронавирус инфекциясы анықталды. 10 сәуірде 15 адам өлімі тіркелген. Барлығының коронавирус тесті оң шыққан. 

Коронавирус науқастарының жалпы саны жөнінен бірінші орында тұрған Алматыда бір күнде 610 науқас тіркелген. Нұр-Сұлтанда – 398, Шығыс Қазақстан облысында – 33, Павлодар облысында – 48, Атырау облысында – 110, Қарағанды облысында – 205, Ақмола облысында – 108, Батыс Қазақстан облысында – 118, Алматы облысында – 283, Қостанай облысында – 31, Солтүстік Қазақстан облысында – 36, Шымкент қаласында – 53, Жамбыл облысында – 53, Ақтөбе облысында – 105, Түркістан облысында – 27, Маңғыстау облысында – 37, Қызылорда облысында 35 науқас анықталған. 

Елде індет басталғалы барлығы 271 809 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Оның 234 мыңы жазылып шыққан, 3236-ы қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" деген адамдар кірмейді. 

Қазақстан үкіметі былтыр тамыздан бері вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. Содан бері елде барлығы 51 399 адам пневмонияның осы түрімен тіркелген. (10 сәуірде осындай диагнозбен 37 науқас тіркелді). Оның 727-сі қайтыс болған. Бұл дерек коронавирустың ресми статистикасынан бөлек жүргізіледі. 

Қазір 34 478 адам коронавирустан емделіп жатыр. 33 мыңнан астамының коронавирус тесті оң шыққан. 569 адамның жағдайы ауыр, 179 науқастың халі өте ауыр. 109 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған. 

Үкімет те, сарапшылар да Қазақстанда вакциналаудың баяу жүріп жатқанын айтады. 12 сәуірдегі мәлімет бойынша, елде 338 мың адам "Спутник V" екпесінің бірінші дозасын алса, 105 мың адам екі дозасын да алған. Коронавирусқа қарсы өзге вакциналар секілді "Спутник V" екпесі де екі дозадан тұрады. Екіншісі біріншісінен кейін 21 күн өткенде салынады.