Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин «Digital Almaty 2021- Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» атты халықаралық форумда қазірдің өзінде кеңінен таралған «COVID-19-сыз саяхат» мобильді қосымшасы туралы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Спикердің айтуынша, «COVID-19-сыз саяхат» қосымшасы алдағы уақытта ЕАЭО елдері арасындағы туристік шекараны кеңейтеді.
«Ресей Федерациясы қосымшаны 1 ақпаннан бастап қолданып жатыр. Бұл қосымшаны барлық мемлекет қолданады деп сенемін. Ол елдер арасындағы байланысты нығайтады. Қазір Ресей, Армения және Беларусь сәтті пайдаланып жатыр», - деді Михаил Мишустин.
Саяхатқа шығатын адам бұл қосымшаны телефонына жүктеп алып, тіркеледі. Ұшақпен ұшуға 72 сағат қалғанда сонда белгіленген зертхананың бірінен тесттен өтеді. Егер тест теріс нәтиже көрсетсе ол қосымшада көрсетіледі және QR-кодпен расталып, әуежайға жолдама береді. Осылайша азамат еркін саяхаттау мүмкіндігіне ие болады.
Михаил Мишустин бұл жаңа қызметті пайдалану Қазақстан үшін цифрландыру саласындағы тағы бір тәсіл болатынын атап өтті.
«Бағдарламаның артықшылығы - тест қорытындысы теріс нәтиже көрсеткен жағдайда азаматтар әуе көлігімен Ресей Федерациясына бара алады. Жақын арада Қазақстан да осы қосымшаны пайдаланады деп сенемін», - деді Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин.