BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев Қазақстанда салынатын коронавирус науқастарын емдеуге арналған госпитальдің басты айырмашылықтарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің аурухананың Қытайдағы госпитальден басты айырмашылығы - тұрақты стационар болуында. Қытай да эпидемияны толық бағамдап, бір айдан кейін ғана құрылысты бастап еді. Себебі олар қанша орын қажет болатынын есептеді. Олар да модульдік госпитальді әкеп қойды», - деді Айдын Рахымбаев құрылыс маңында тілшілерге берген сұхбатында.
Өзбекстандағы аурухана құрылысында ауа райы да маңызды рөл атқарған.
«Қазір Ташкентте күн жылы. Сондықтан оларға стационар салу қажет болмады, шатырлық-контейнерлік қалашық тұрғызды. Бірақ, біздің міндетіміз басқа. Уақытша аурухана тұрғызып, қайтадан бұзу тиімсіз. Сондықтан Үкімет дұрыс шешім қабылдады. Бірден, стационарлық жұқпалы аурулар ауруханасы салынады», - деді А. Рахымбаев.
Еске сала кетсек, бүгін елордалық журналистер COVID-19 вирусын жұқтырғандарды жатқызуға арналған госпиталь құрылысымен танысты.
3 сәуірде ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның үш ірі қаласында жұқпалы аурулар ауруханаларын салуды ұйғарды. Оның құрылысына тез тұрғызылатын құрылымдар қолданылмақ .