СOVID-19 вирусы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының штаб-пәтері қызметкерлерінің арасында тарай бастады. Ұйым басшысы болса, вакцинаның жылдам әсеріне сенбейтінін жеткізді.
Осы арада, Кардифф университетінің ғалымдары ауыз шаюға арналған жалпыға ортақ заттар сілекейдегі коронавирусты өлтіретінін байқады, деп хабарлайды ВВС агенттігі.
ДДСҰ Женева қаласындағы штаб-пәтерде өз қызметкерлерінің арасында COVID-19 вирусына шалдыққан 65 адамның анықталғанын мәлімдеді.
Сонымен бірге, ұйым басшысы Тедрос Адхан Гебрейесус әлемдегі көп адам үміт артып отырған отырған вакцина пандемияны түбімен жоймайтынын мәлімдеді.
Оның пікірінше, вакцина жылдам әсер етпейді.
Гебрейесустың айтуынша, вакцина ең алдымен медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, оқытушылар және қауіп тобына кіретін адамдарға егіледі. Осы аралықта вирус емін-еркін тарай береді. Сондықтан вакцина пайда болғанымен, шектеу шаралары әлі ұзақ уақыт қолданылуы тиіс.
Еуропа шараларды қатаңдатты
Испания соттарына ел билігі мен денсаулық сақтау саласына көптеген шағым түскен. Шағымданушылар мемлекеттік құрылымдарды коронавируспен күрес жүргізу кезінде басқа да ауыр дерттерге, көбіне онкологияға шалдыққан адамдардың медициналық көмексіз қалғаны үшін айыптап отыр.
Пандемия басталғанда Испания Еуропа елдері арасында вирустан ең көп зардап шеккен елдердің бірі болды.
Джон Хопкинс университетінің мәліметінше, елде ауруға шалдыққан адамдардың жалпы саны 1,5 миллионға жуықтаған, ал қайтыс болғандар саны – 41,2 мың адам.
Германия канцлері Ангела Меркель 16 федералдық аймақтың басшылары оның эпидемияны ұстап тұру бойынша бұдан да қатаң шаралар енгізу әрекеттеріне қарсылық танытып отырғанын мәлімдеді. Локдаунды қатаңдату мәселесін талқылау қайтадан кейінге қалдырылған, бұл жолы 25 қарашаға дейін.
Бұл көбіне алдағы қыс мезгіліне байланысты болды. Кейбір аймақтың билігі тау шаңғысы курорттары мен шана жолдарын жабу онсыз да зардап шеккен экономикаға тағы соққы тигізетінінен қауіптеніп отыр.
Сонда-ақ Меркель мектептерде міндетті түрде маска тағуды енгізіп, сыныптардағы оқушылар санын қысқартуды ұсынған. Канцлерді бәрінен бұрын Берлиндегі жағдай алаңдатып отыр. Неміс билігінің айтуынша, эпидемияның екінші толқынын бара-бара бақылауға алу мүмкін болды, бірақ ауруға шалдығудың тәулік сайынғы көрсеткіштері әлі де жоғары болып, үрей тудырып отыр.
Австрияда сейсенбіден бастап 6 желтоқсанға дейін мектептер мен азық-түлік сатпайтын дүкендер жабылуда. Өткен демалыс күндері елдің федералдық канцлері Себастьян Курц бұл шара эпидемияның екінші толқынын ұстап қалуға қажетті шара екенін мәлімдеген.
Ұлыбритания үкіметі елдің халықаралық гуманитарлық көмекке жұмсайтын шығындарын уақытша қысқарту мүмкіндігін қарастырып отыр.
Осы арада, Шотландия үкіметі сейсенбі күні елдің батысындағы 11 ауданда, соның ішінде Глазго қаласында шектеу шараларының қатаңдатылатынын жариялады. Жұмадан бастап онда азық-түлік сатпайтын дүкендер, ішімдік ішетін орындар, спорттық залдар жабылады.
АҚШ – ауруға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны жағынан әлемде көш бастап отыр (тиісінше 11,2 млн адам және 247,8 мың адам). Өткен аптаның ішінде ғана елде тағы бір миллион адам вирусқа шалдыққан. Осы аптада Америка билігі ең қатты зардап шеккен штаттарға антиденелерді анықтайтын 7 млн астам тестіні жібереді, олар бірінші кезекте хоспистар, қарттар үйлері және өзге де әлеуметтік осал топтардың арасында үйлестіріледі. Жергілікті билік тұрғындарды Алғыс айту күнін көпшілік арасында атап өтуден бас тартуын сұрап отыр.
Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты өлтіреді
Британияның Кардифф университетінде өткізілген жаңа зерттеу ауыз шаюға арналған көпшілікке қолжетімді сұйықтықтардың оларды қолданғаннан кейін 30 секунд ішінде вирусты өлтіре алатынын көрсетті. Зертханалық зерттеу ауыз қуысын шаюға арналған сұйықтықтың сілекейдегі коронавирусты өлтіре алатынын көрсетті. Сонымен бірге оның емдік құрал ретінде тиімділігінің дәлелдері де жоқ, себебі ол тыныс алу жолдарына да, өкпеге де бармайды.