14 қыр, 2021 сағат 17:06

Чехия президенті ауруханаға түсті


Чехия Президенті, 76 жастағы Милош Земан ауруханаға түсті. Бұл туралы сейсенбіде Прагадағы Орталық әскери аурухананың өкілі Итка Зинке журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Шамамен бір сағат бұрын республика президенті Милош Земан ауруханаға түсті", - деді ол.

Земан ауруханаға жергілікті уақыт бойынша 11:00-ден кейін жеткізілді. Оған жұбайы Иванна да келді. БАҚ-тың хабарлауынша, Президент ауруханада ұзақ жатуы мүмкін. 

76 жастағы Земан аяқтың нейропатиясынан зардап шегеді. Осы аурудың салдарынан ол жақында мүгедектер арбасына көшкен. Сондай-ақ, Президент есту қабілетінің нашарлағанына және қан қысымының төмендегеніне шағымдануда. Ол бұрын қант диабеті бойынша дәрігерлердің бақылауында болған.

Милош Земан - Чехияның мемлекеттік және саяси қайраткері, 2013 жылдың 8 наурызынан бастап елдің Президенті. 1993 жылдан 2001 жылға дейін Чех социал-демократиялық партиясын басқарған.

Айта кетейік, Прагадағы Орталық әскери ауруханада өткен демалыс күндерінен бері Чехияның бұрынғы президенті Вацлав Клаус та жатыр. Ол қан қысымының күрт көтерілуіне байланысты ауруханаға түскен.