14 шіл, 2025 сағат 15:07

ChatGPT және жаңа технологиялар балалардың ойлау қабілетін шектей ме?


Фото: freepik.com

Соңғы жылдары жасанды интеллект жүйелері, соның ішінде ChatGPT сынды платформалар бүкіл әлемде білім беру саласына белсенді еніп жатыр. Бірақ бұл технологияның балалардың ойлау қабілетіне, есте сақтауына және сыни ойлау дағдысына қалай әсер ететіні қоғамды алаңдатқан маңызды сұрақтардың бірі. Осы орайда Ult.kz тілшісі «ChatGPT және жаңа технологиялар балалардың ойлау жүйесі, жады, сыни ойлау қабілетіне кері әсер етпей ме?» деген сұрақтың жауабын іздеп көрді.

 

Үкіметте көтерілген мәселе

 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов осы мәселені Үкімет деңгейіне көтеріп, Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.



Фото: Ашық дереккөз


«ChatGPT сияқты жүйелердің шыққанына екі жылдан асты. Алайда мектептерімізде жасанды интеллектіге қатысты жүйелі оқыту, әдістеме, бағдарлама әлі де жоқ. Шын мәнінде, балалар бұл технологияларды баяғыдан бері пайдаланып келеді. Үй тапсырмаларын GPT арқылы орындап, оны шпаргалка ретінде қолдануда. Біз оларға бұл құралды қалай дұрыс, адал қолдану керектігін үйретпей отырмыз», – деді депутат.

 

Мәселе – құралда емес, қолдануда

 

ІТ маманы Шерхан Молдахметұлы бұл технологияны зиян немесе пайдалы деп біржақты бағалауға болмайтынын айтады.



Фото: Шерхан Молдахметұлының жеке мұрағатынан


Оның сөзінше, ChatGPT – жай ғана құрал. Ол баланың танымдық қабілетіне қалай әсер ететіні оны қалай пайдаланатынымызға тікелей байланысты.

 

«Егер бала GPT-ді тек дайын жауап алу үшін қолданса, бұл оның сыни ойлау, есте сақтау және іздену дағдыларына кері әсер етуі мүмкін. Бұл –  калькуляторды қолдана отырып есептің логикасын түсінбеумен тең. Ал егер бала GPT арқылы күрделі тақырыптарды зерттеп, сұрақ қойып, жауаптарды салыстырып, талдай білсе, бұл құрал баланың зияткерлік дамуына оң ықпал етеді», – дейді ІТ маман Шерхан Молдахметұлы.

 


Оның айтуынша, мұнда ата-ана мен мұғалімнің рөлі маңызды. Баланы жай «жауап іздеуге» емес, «ақпаратпен жұмыс істеуге» үйрету керек. Бұл – қазіргі білім беру жүйесі үшін жаңа міндет.

 

Педагог Бұлбұл Бақытхан да GPT-дің оқушылар арасында кеңінен қолданылып жатқанын растайды. Бірақ бұл үрдістің көлеңкелі тұстары бар.


Фото: Бұлбұл Бақытханның жеке мұрағатынан
«Соңғы жылдары оқушылар шығармашылық тапсырмаларды GPT арқылы орындайтын болды. Бұл – қауіпті үрдіс. Бала ақпаратты сараламайды, жай ғана көшіреді. Уақыт өте келе ол өз ойын құрай алмайтын, талдау жасай алмайтын тұтынушыға айналады. Сондықтан біз GPT-ді зерттеу құралы ретінде қолдануды ұсынамыз. Мысалы, GPT берген жауапты сыныпта талдап, оның қай тұсы дұрыс, қай жері қате екенін бірге қарастырамыз. Бұл тәсіл оқушының сыни ойлауын дамытады», – дейді ұстаз Бұлбұл Бақытхан.

 


Бала басты рөлде, GPT – көмекші

 

Ал психолог Әлия Базарбайдың айтуынша, баланың таным қабілеті мен когнитивтік жүйесі үнемі жаттығуды қажет етеді. Ал жасанды интеллект жүйелері бұл процесті жеңілдетіп жібереді, тіпті айналып өтуге итермелейді.



Фото: Әлия Базарбайдың жеке мұрағатынан

 

«Бала «мен ойланып көрем» емес, «мен сұрап көрейін» дегенге дағдыланып барады. Әсіресе бастауыш және орта жастағы балалар үшін бұл – өте қауіпті. Себебі ми логикалық ойлау, себеп-салдар байланысын құру, шешім қабылдау арқылы дамиды. Дайын жауаптар баланың бұл дағдыларын әлсіретеді. Сондықтан біз GPT-ді баланың «ойын серігі» емес, «ойына серпін беретін» құрал ретінде пайдаланған жөн деп санаймыз», – дейді психолог Әлия Базарбай.

 


Иә, жасанды интеллект – заман талабы. Бірақ ол баланың орнына ойламауы тиіс. GPT – тек көмекші, ал басты рөлде баланың өзі болуы керек. Технологияны шектеудің орнына, оны тиімді пайдалануды үйрету – ата-ана мен мұғалімнің басты міндеті. Сонда ғана жаңа буын технологияның тұтынушысы емес, оның саналы қолданушысы бола алады.

 

Ақбота Мұсабекқызы