30 қар, 2021 сағат 16:48

Сарапшылар «Nur Otan» партиясының демократия мен ортақ құндылықтарды дамытудағы жетістіктері туралы ой бөлісті


Кеше билеуші партияның Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған маңызды іс-шарасының бірі  - «Қазақстанның партиялық - саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен перспективалар» атты халықаралық форум жұмысын бастады. Форумға АҚШ, Әзірбайжан, Испания, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Ұлыбритания және басқа елдердің саяси партияларының уәкілдері, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, шетелдік және отандық сарапшылар қатысуда. Осы уақытқа дейін осындай кең көлемде 15 мемлекет пен 600 қатысушысы бар құрамда партиома жағдайы мен даму болашағына қатысты форум өтпегенін ескерсек, іс-шараның салмағы мен маңызын бағамдай беріңіз. 

Сонымен, ұйымдастырушылар тарапынан уақыты сәтті қойылған Форумның Пленарлық отырысында  қатысушыларды құттықтаған «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жиын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын ерекше атап, осы жылдар ішінде жеткен еліміздің толағай табыстары мен  жетістіктеріне тоқталды.

Осы жерде форум барысында әсіресе Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы табыстарына Азиялық саяси партиялардың халықаралық конференциясының бас хатшысы Чо Бён Чжэ: «Еуразияның орталығында бола отырып, сіздердің ел көпвекторлы сыртқы саясат жүргізді, соның арқасында Қазақстан тек көршілерімен ғана емес, Батыс елдерімен де жақсы қарым-қатынаста. Қазақстан халықаралық ұйымдармен, басқа тараптармен өте сындарлы диалог құрды. Осылайша, «Nur Otan» партиясы халықаралық қатынастардың локомотиві қызметін атқаруда. Ендігі міндет - пандемия тудырған қиындықтарды жеңу. Билік партиясы алдағы уақытта да табысты ішкі саясат жүргізетініне сенімдімін. Бұл форум жаһандық сын-қатерлерді жоюға бағытталған пікірталас орнатуға тамаша мүмкіндіктер береді деп ойлаймын» деп атап өткенін баса айтқым келеді. 

Ары қарай «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек:

Тәуелсіздік жылдарында үстем саяси күш - «Nur Otan» партиясы құрған көппартиялық жүйенің маңызына еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасының саяси партияларды институттандыру бойынша жүргізген дәйекті реформалары мен «Nur Otan» партиясын құрудағы Н.Назарбаевтың саяси көшбасшылық рөлі мен феноменіне талдау жасады.

Еліміздегі партиялық жүйенің қалыптасуын саралай келе 3 негізгі кезеңге: 

  1. Бірінші онжылдық - көппартиялық жүйенің құқықтық нығаюы, партияларды институттандыру кезеңі. 
  2. Екінші онжылдық - партиялардың сапалы нығаюы, мажоритарлық сайлау жүйесінен пропорционалды сайлау жүйесіне кезең-кезеңімен көшу кезеңі. 
  3. Үшінші онжылдық - басым саяси күшке ие көппартиялық жүйенің қазақстандық моделінің қалыптасуы деп бөліп, осы жылдар ішінде билеуші партия қол жеткізген, енгізген табыстар мен жетістіктерге ерекше тоқталып өтті. 

Форумның бірінші күні шетелдік Цянь Хуншань, Тайр Будагов, Курт Уэлдон, Эфкан Ала, Ричард Мерфи, Андрей Климов сынды сарапшылар «Nur Otan» партиясының демократия мен ортақ құндылықтарды дамытудағы жетістіктері туралы өз әсерлерімен бөлісті. Мысалы, Британ Консервативтік партиясының өкілі, Лордтар палатасының мүшесі Джеймс Уортон «билеуші партия өткізген праймериз, партиялық тізімдерге квота берудің гендерлік саясаты болашаққа бағытталған жоспарлардың айғағы» деп  жоғары баға берді.

Бүгін форумның «Саяси партиялар және азаматтық қоғам: аймақтық аспект», «Әйелдер мен жастардың саяси процестерге қатысуын арттыру», «Сайлау және жаңа уақыт: әлемдік тәжірибе және Қазақстан» атты қызықты сессиялардың өтуін тағатсыздана күтіп отырмыз!

Меруерт Тулебаева