27 сәу, 2019 сағат 10:46

Бжезинскийлер "Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде болашағы жоқ" дейтін - Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1985 жылы Бейжіңде кездескен, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев - КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты, КОКП Орталық комитетінің мүшесі ретінде ресми сапармен Бейжіңде болды. Маған онымен сөйлесудің сәті түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы Бейжіңге Горбачевтың белгілі сапарына дейін төрт жыл бұрын барған болатын. Горбачев барғанда Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы байланыстың қалыпқа келуі туралы жарияланғанын білеміз. Яғни Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сол кездегі екі ірі социалистік, ядролық державалардың қарым-қатынасын жақсартуға үлес қосты деп айтуға болады", - деп еске түсірді Тоқаев.

Келесі кездесу 1992 жылы Мәскеуде болған.

"Сіздер жақсы білетін менің карьерам осылай басталды. Даниал Ахметов екеумізге үкімет басқару ісі сеніп тапсырылды. Екі жарым жылдай жұмыс істедік. Бұл кезеңде рекордтың көрсеткішке қол жеткіздік. Экономикалық өсім – 13,5 процент болды. Бұл рекордты әлі бірде-бір үкімет орындаған жоқ. Сол жылдары өңдеу өнеркәсібінің өсімі алғаш рет Қазақстанның өндіруші индустрия саласынан асып түсті. Біз қалаларды дамыту, импортты алмастыру бағдарламаларын қолға алдық. Ауыр кезең болатын. Мұнай құны небәрі 10 доллар еді. Қиын болды, ақша болған жоқ. 2 млрд теңге үшін Үкіметте өте қызу пікірталас болатын. Әрбір тиынды үнемдедік", - деді Тоқаев.

Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке тапсырма берді.

"Сондықтан мен Үкіметке бюджетті толықтай жаңаша қарастыру керектігін айтамын. Ақшаны үнемдеп, жинау керек. Қазіргі жағдай жақсы. Мұнай құны - 70 доллар. Алайда энергиялық ресурстарға ғана сеніп отыруға болмайды. Ақшаны ақылмен жұмсау керек. Бұл үкіметке берілетін алғашқы тапсырма. Екіншіден, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамытуды қолға алу керек. Қазір бұл салаларда нәтиже қуантарлық емес", - деді Тоқаев.  

Тоқаев 90-шы жылдардың басында Қазақстанның болашағына сенбегендер көп болғанын айтты.

"Збигнев Бжезинский сынды белгілі маманнан бастап Михаил Горбачевке дейін Қазақстанның болашағына қатысты жақсы болжам жасаған жоқ. Олар Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде болашағы жоқ деген болатын. Ол кезде демографиялық жағдай қиын, шекара ашық еді. Экономика біржақты әрі әлсіз болатын. Тұңғыш президентіміздің арқасында бұл болжамдардың бәрі жоққа шықты. Қазір Қазақстан инвестиция тарту көрсеткіші бойынша да адам басына шаққанда посткеңестік елдер арасында бірінші орында. Бұл мемлекетімізді әлемдік қауымдастықтың мойындап отырғанын көрсетеді. Сондықтан ұстанған бағытымызды жалғастыру керек екенін айтамын. Қазақстан-2030, Ұлт жоспары, институционалды реформалар бағдарламасын жүзеге асыруымыз керек. Табысты болудың сыры осындай. Сіздерге сенім артамын",- деп түйіндеді сөзін Тоқаев.