13 мау, 2024 сағат 11:07

Бюджет қаржысына түсірілген 75 фильм бірде-бір рет көрсетілмеген: Қазақстанда фильмдерді прокатқа шығару тәртібі өзгереді

Сурет: ашық дереккөз

Мәдениет және ақпарат министрлігі "Фильмге прокаттау куәлігін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрыққа өзгеріс енгізбек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бұйрық жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланған және 26 маусымға дейін қоғамдық талқылауда болады.

Қазір фильмді прокатқа шығару үшін министрліктен прокаттау сертификатын алу жеткілікті. Жаңа өзгерістерге сәйкес фильмді прокатқа шығару туралы шешім ұжымдық түрде қабылданады. Бұл түзету кинотеатрларда көрсетілетін фильмдерді бақылауға алу мақсатында енгізілмек.

"Кинематография саласындағы уәкілетті органның жазбаша өтініші бойынша көрсетілетін қызметті алушы прокат куәлігін алу үшін фильмін көрсетуі қажет. Кинотеатрға шығару үшін шығарылған фильмдерді қарауды құрамында уәкілетті органның, президенті әкімшілігінің өкілдерінен тұратын кинематография саласындағы уәкілетті органның жанынан құрылған комиссия жүзеге асырады", – делінген бұйрық жобасында.


Соңғы бес жыл ішінде ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығы 103 жобаны қаржыландырса, оның 98-і аяқталып, 23-і ғана жарыққа шыққан, яғни бюджет қаржысына түсірілген 75 фильм бірде-бір рет жарыққа шықпаған.

Аталмыш 98 фильмді түсіруге бюджетке 19 млрд теңге бөлінген. Ал бұл фильмдердің прокатынан түскен табыс бар-жоғы 1,5 млрд теңгені құраған.

Тек екі фильм ғана кассада табыс тапқан: "Офлайн демалыс-2" (38 миллион бюджетпен түсіріліп, 90 миллион теңге жинады) және "Дос-Мұқасан" (424 миллион теңгемен қаржымен түсіріліп, прокаттан түскен табыс 503 миллион теңгені құрады).

"Қазақстандық көрермендердің әлі күнге дейін кейбір фильмдерді көрмеуінің себебі – продюсерлер мен авторлардың прокатқа қызығушылық танытпауы, өйткені олар жобаларды жүзеге асыру кезінде-ақ өз қаламақысын алып алады", – делінген мәдениет және ақпарат министрлігінің 2024 жылдың ақпанындағы хабарламасында.


Еске салсақ, бұған дейін "Қазақфильмнің" вице-президенті 5 жылға сотталғаны туралы жазған едік.