Иллюстративті фото: otyrar.kz
Сейсенбі күні Үкімет отырысы өтіп, күн тәртібінде креативті индустрияны дамыту және мәдениет пен өнер салаларын цифрландыру қаралды. Онда Үкімет басшысы Олжас Бектенов кино саласына да тоқталды, деп хабарлайды Ult.kz.
"Қазақстандық кино өндірісі былтыр 58%-ға өсті. Кассалық табысы ең жоғары 10 фильмнің арасында әрбір екінші таспа отандық өндірістің туындысы болды. Шетелдік және отандық картиналардан түсетін алым шамамен теңесті. Бұл көрермендердің ұлттық контентке деген қызығушылығының артып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан да құрылтайда Мемлекет басшысы түсіріліп жатқан фильмдер мен сериалдарға ерекше мән беруді тапсырды", -деген Үкімет басшысы жобалардың санын көбейтіп, тек пайда түсіруді ғана мақсат етпей, фильмдердің сапасына баса назар аудару керек екенін де айтты.
"Ал жақсы кино түсіру үшін көп қаражат керек" деген Олжас Бектеновтің пікірінше мұндай қаражатты прокаттан түсіруге болады. Бірақ қазіргі уақытта фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалады екен. Сондықтан оның айтуынша кино түсірушілер мен оны прокатқа шығарушылардың мүдделерінің тепе-теңдігін бекіту маңызды.
"Ол үшін түскен ақшаның ашықтығын және авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ететін «е-кино» платформасын жедел іске қосу керек", -деді О. Бектенов.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Бірыңғай кино мониторинг жүйесін («е-Кино») әзірледі. Бұл жүйе киноиндустриядағы ашықтықты арттыру, елімізде кассалық түсімдерді әділ бөлу міндеттерін атқарады.
«е-Кино» жүйесіне деректер кинотеатрлардың билет сату жүйесінен нақты уақыт режимінде түседі деп отыр ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
"Жүйе жекелеген сеанс пен фильм көрсетіліп жатқан өңір бойынша көрермендер саны мен кассалық түсімдерді бақылауға, билеттерді жүктеу үрдісін мониторингтеуге, кино көрсетілімдері мен түсімдерін жанр, тіл және өндіріс елі бойынша талдауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «е-Кино» жүйесі сынақ режимінде пайдалануда. Жүйеге 103 кинотеатрдың 68-і қосылған. 30,4 млн теңге кассалық түсім есепке алынды. 20 310 билет тіркелді. Қазіргі таңда жүйені ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тестілеу мәселесі қарастырылуда. «е-Кино» – креативті салаларды цифрландырудың алғашқы қадамы", -деді А. Балаева.
Цифрлық платформа барлық кинотеатрлардың, концерт залдарының және т.б. билет сервистерімен интеграциялау қажет деп есептейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Ж. Мәдиев. Ол билеттер сату кезінде деректер автоматты түрде мемлекеттік ақпараттық жүйеге түсуі тиіс екенін айтып отыр.
"Сондай-ақ келушілерге билеттің сатылуы мемлекеттік ақпараттық жүйеде тіркелгені туралы білу үшін билетті QR код арқылы қайта тексеру мүмкіндігі берілу керек. Бұндай растау болмаған кезде клиенттің пайдасына арттырылған айыппұл қарастырған жөн деп санаймыз", -дейді ол.
Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі киноөндірістегі бірқатар жүйелі проблемалар бар екенін атап өтті. Мәселен, артық қағаз құжат айналымы, мемлекеттік қолдауды бөлуде цифрлық құралдардың болмауы және кассалық түсімдердің бұрмалану қаупі.
"Бұл проблеманы шешу мақсатында, Мәдениет және ақпарат министрлігі e-Kino ақпараттық жүйесін әзірледі, ол процестерді автоматтандыруды қамтамасыз етеді, бюрократиялық кедергілерді жояды және AI мен Big Data арқылы шешімдердің субъективтілігін азайтады. Бұл жүйені билет сервистерімен интеграциялау көлеңкелі айналымды жояды, ал цифрлық экожүйе, оның ішінде стримингтік платформалар мен краудфандинг киноиндустрияның тұрақты дамуы мен ашықтығын қамтамасыз етіп, жаңа қаржылық мүмкіндіктерге жол ашады. Бүгінгі күні ақпараттық жүйе ақпараттық қауіпсіздікке сынақтан өтуде және әлі өнеркәсіптік пайдалануға берілген жоқ", -дейді министр.