БҰҰ миссиясында қазақстандық бітімгерлер құрамында жауынгер қыздар да болады. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бітімгерлер арасында әйелдер құрамына тоқталсақ, бұл БҰҰ реформаларының бірі болып отыр. Осы орайда БҰҰ талабы мен мақсаттары арасында байқаушы әйелдер санын арттыру ескерілген және осы курс қазіргі кезде орындалуда. Біз де бұл бағытта өтінім білдіріп, біздің екі жауынгер қызымыз дайындықтан өтті. Сондықтан да олар миссияға баруға дайын», - деді Талғат Мұхтаров Орталық коммуникациялар қызметінде.
Айта кетейік, қазақстандық рота аталған миссияға алдағы қараша айына дейін жіберілмек.
«Жылына бітімгерлік ротаға жұмсалатын қаржы 340 млн теңгеге жуық соманы құрайды. Осы қаржы көлеміне еңбекақыны төлеу мен логистика еніп отыр», - деді министрдің орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы 15 маусымда Парламент Президенттің 40 офицерді БҰҰ миссиясына жіберу туралы ұсынысын қолдады.
Қазақстанның 120-ға жуық әскери қызметшісі Ливандағы миссияға қатысады.
Бұған дейін БҰҰ миссиясында Қазақстан бітімгерлеріне төленетін еңбекақы мөлшері белгілі болған еді.