Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы жұмысының алғашқы күні Қауіпсіздік Кеңестің қаңтар айындағы қызметінің бағдарламасы ұсынылды. Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде өткен ҚК мүше елдері тұрақты өкілдерінің қызмет бабындағы таңғы асында жұмыс жоспарының басты тармақтары талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дипломаттар қазақстандық төрағалық бағдарламасының сапалы дайындалғанына назар аударды. Атап айтқанда, Ресейдің Тұрақты өкілі Василий Небензя «Кеңес мүшелерінің ішінен Қазақстанды ең жақсы танитын» ресейлік тарап, тарихи фактор мен дәстүрлі қазақстандық-ресейлік өзара тығыз қатынастарды ескере отырып, қазақстандық делегацияның Кеңес Төрағасы ретіндегі жұмысының сәттілігіне сенімді екенін білдірді. Ресейлік дипломат 18 қаңтарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін БҰҰ ҚК-нің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары деңгейлі брифингіне Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров қатысатынын хабарлады. АҚШ Тұрақты өкілі Ники Хейли мен Кеңеске мүше басқа елдердің елшілері сенім шаралары арқылы таратпаудың өзекті мәселелерін және Кеңес қызметінің күн тәртібінде Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша министрлер деңгейіндегі пікірталасты қамтитын Қазақстанның қаңтардағы бағдарламасының мазмұндылығы мен қанықтырылғандығын атап өтті.
Сол күні Қазақстан бастамасымен БҰҰ тарихында тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жаңадан сайланған тұрақты емес алты мүшелері - Кот д’Ивуардың, Экваториялық Гвинеяның, Кувейттің, Нидерландтың, Перу мен Польшаның туларын көтеру салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға Перудің Сыртқы істер министрі Рикардо Луна қатысты. Бұл рәсім БҰҰ мен ҚК мүше-елдерінің, әлемдік БАҚ, БҰҰ құрылымдарының және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерінің анағұрлым санын жинады. Көптеген делегациялардың пікірінше, осы іс-шара БҰҰ-ның жаңа дәстүрінің басы ретінде қалыптасып, қазақстандық төрағалықтың басталуының жарқын «визит картасы» ретінде қабылданды. Бұл қадамның жаңашылдығымен қатар, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің халықаралық проблемаларын шешу бойынша дүниежүзілік қауымдастық алдындағы Кеңестің жаңа мүшелерінің жоғары жауапкершілігін ерекшелейтін оның терең символизмі аталып өтті. Бастама БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазақстандық төрағалық мұрасының элементі ретінде қарастырылуда. Мәселен, Экваториялық Гвинея тұрақты өкілінің мәлімдеуінше, оның делегациясы осы дәстүрді бекітіп, келесі жылдың қаңтарында өзінің төрағалығы барысында осы рәсімді қайталайтын болады.
Кеңестің қаңтардағы бағдарламасы ресми түрде ҚК мүшелерінің отырысында бекітілді, одан кейін ол Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың жеке брифингі шеңберінде БҰҰ мүше елдерінің назарына ұсынылды. Кездесуге қатысқан делегациялар Қазақстанды ҚК төрағасы лауазымына орналасуымен құттықтап, алдағы жұмыста табыс тіледі. Бірқатар мемлекеттер, оның ішінде Марокко, Чили, Колумбия мен Тәжікстан қазақстандық тарап өз төрағалығы шеңберінде өткізуге көздеген жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігінің үлгісі ретіндегі Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру мәселелері бойынша іс-шаралардың өзектілігін атап өтті. Омаров мүше елдердің Қазақстан төрағалығының жұмыс бағдарламасы бойынша көптеген сұрағына жауап берді.
Төрағалық етуші елдің тұрақты өкілі Омаров дәстүрлі баспасөз конференциясы барысында БҰҰ жанында аккредиттелген тілшілерді қазақстандық төрағалықтың басымдықтарымен және де Кеңестің қаңтар айындағы жұмыс бағдарламасымен таныстырды. Мемлекет басшысы Назарбаевтың қатысуымен өткізілетін сенім шаралары арқылы таратпау саласындағы жоғары деңгейдегі іс-шаралар, солардың ішінде Солтүстік Кореядағы, Ирандағы, Палестинадағы ахуал бойынша және де Иерусалим мәртебесі, Мьянмадағы жағдай әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызығушылығын тудырды. Сирияға, Йемендегі гуманитарлық ахуалға, климаттың өзгеруіне, Қазақстанның «жасыл технологиялар» саласындағы бастамалары мен жасампаздығына қатысты сұрақтар қойылды. Әлемнің Al-Arabiya, The Huffington Post, The Associated Press, Agence France Presse, CBS, FOX News, Nikkei, Mainichi, Fiji TV, Tokyo Shimbun, NHK және басқалары тәрізді жетекші БАҚ-тарының тілшілеріне жаһандық күн тәртібіндегі басты мәселелер бойынша Елбасының бастамалары аясындағы Қазақстанның ұстанымы бойынша нақты жауаптар берілді.
Жалпы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының бірінші жұмыс күні жемісті өтіп, еліміздің және Президенті Назарбаевтың халықаралық жоғарғы беделін және құрметін тағы да айғақ етті.