БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ жанында аккредиттелген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның төрағалық етудегі басты шаралары ретінде қазақстандық дипломат Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 18 қаңтарда өтетін «Жаппай қырып-жоюға арналған қарудың таралмауы: сенім шаралары» тақырыбындағы брифингін, 19 қаңтарда Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірамановтың төрағалық етуімен өтетін Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша министрліктер деңгейіндегі дебатты атап өтті.
Қайрат Омаров Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіндегі және мемлекетіміздің жаһандық саясат ауқымындағы сыртқы саяси басымдықтары жайлы өзекті сауалдарға жауап берді. Сұрақтардың көбі Сирия мәселесі бойынша Астана процесін өткізудегі Қазақстанның рөлі мен кездесулердің нәтижесі, ядролық қаруларды таратпау бағыттарындағы ел мен Президенттің қосқан үлесі, Таяу Шығыстағы, Йемендегі бірқатар мәселелер, Мьянмадағы ахуал және өзге де сұрақтар қойылды.
Сарапшылар өз сөзінде бейбітшілікке келгенде саяси жігер мен берік ұстанымын таныта білген, ядролық қарулардан ада еркін әлемді құру идеясын жалғауға күш салған, ядролық қарулардан бас тартқан Қазақстан мен оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешіміне жоғары баға берді. ҚХДР мен өзге де мемлекеттерге қазақстандық үлгінің маңызды болары аталып өтті.
Кездесуге қарусыздандыру, адам құқығы, әйелдер мен балаларды қорғау, қарулы қақтығыстарда қауіпсіздікті қорғау салалары бойынша 40-қа жуық сарапшылар бірлестігі қатысты.