16 қаң, 2018 сағат 10:55

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Ауғанстанға барды

13-15 қаңтар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің делегациясы ресми сапармен Ауғанстанда болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" БҰҰ жаңалықтар орталығына сілтеме жасап.

Бұл сапарда Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері бейбітшілікті нығайту мен дамудың алға басуына бағытталған ауғандықтарға қолдау көрсетті. Кабулдағы кездесу барысында Қауіпсіздік кеңесінің өкілдері ауғандықтарды өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және жоспарлы түрде парламенттік және президенттік сайлауды әділ өткізуге шақырды.


Сапарды биыл қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып табылатын Қазақстан ұйымдастырды. Делегацияға БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров басшылық етті. Оның құрамына Боливия, Ұлыбритания, Экваториалық Гвинея, Эфиопия, Нидерланды, Қытай, Кот-д'Ивуар, Кувейт, Перу, Польша, Ресей, Франция, АҚШ пен Швеция елшілері кірді.  

Кабулда Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Ауғанстан президенті Мохаммад Ашраф Ганимен және елдің басқа да көшбасшыларымен, соның ішінде сыртқы істер, ішкі істер, қаржы, сауда және ауыл шаруашылығы министрлерімен кездесті. Қауіпсіздік кеңесінің делегациясы парламент мүшелерімен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және саяси партия басшыларымен, сондай-ақ БҰҰ Миссиясы және НАТО операциясының басшыларымен кездесу өткізді.

«Кездесу барысында негізгі саяси ахуал талқыланып, қауіпсіздік, әлеуметтік-экономикалық жағдай мен елдегі адам құқығы мәселелері қаралды», - делінген хабарламада.

Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Ауғанстан үкіметінің реформалар саласындағы, соның ішінде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы бастамаларына қолдау көрсетті.