14 сәу, 2018 сағат 13:08

БҰҰ Бас хатшысы Сирияға жасалған зымыран соққыларына қатысты мәлімдеме жасады

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш АҚШ, Франция және Ұлыбритания тарапынан Сирияға берілген әуе соққылары туралы мәлімдеме жасады.

БҰҰ басшысының айтуынша, барлық елдер Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына, халықаралық құқық принциптеріне сәйкес әрекет етуі тиіс.

Антониу Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты екенін қадап айтты. Ол Қауіпсіздік Кеңесін бірігуге, өз міндеттемелерін орындауға, Сирия халқының қасіретін одан бетер ауырлатуы мүмкін әрекеттер жасамауға шақырды.

БҰҰ Бас хатшысының сөзіне қарағанда, химиялық қаруды қолдануға жол беруге болмайды. Ол Қауіпсіздік Кеңесінің Сирияда химиялық қарудың қолданылуына айыптыларды жазалайтын механизмдер мәселесінде келісімге келе алмағанына өкінетінін білдірді.

Еске сала кетейік, бүгін, Дамаск уақытымен таңғы төрттер шамасында АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен Сирияға зымыран соққылары берілген болатын.