04 шіл, 2024 сағат 17:46

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Димашпен кездесті

Сурет: Instagram.com

Бүгін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) ізгі ниет елшісі, әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергенмен кездесті.

"4 шілдеде ХКҰ Ізгі ниет елшісі ретінде ШЫҰ саммиті аясында Қазақстанға сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мырзамен кездестім. Көші-қондағы маңызды мәселені талқыланып, бұл бағыттағы жұмыстарды қолдайтынымды айттым. Бас хатшы көші-қон саласының маңызды тұстарына тоқталды", - деп жазды Д.Құдайберген өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. 


Сонымен қатар, Бас хатшы А.Гутерриш Димаштың өнері бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамды тәнті етіп, оның дауысы адам құқықтарын қорғауда және жалпы сананы арттыруда қомақты үлес қосатынын атап өтті.

"Мен өз талантымды әлемдегі оңтайлы өзгерістерге пайдалана алатыныма ризамын. Сондықтан бүгінгі түскен фотосуретті қуана отырып көпшілік назарына ұсынамын", - деді әнші.


Еске сала кетейік, Астанадағы ШЫҰ саммитінің қарсаңында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Silk Way-ге берген эксклюзивті сұхбатында аталған саммит пен Қазақстанның осы ұйымдағы рөлі туралы пікірін білдірді.