Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 4 ақпан күнін адамзат бауырластығының халықаралық күні деп жариялаған қарар қабылдады, деп хабарлайды WAM ақпараттық агенттігі.
Сейсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясы Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Мысыр және Сауд Арабиясының бастамасы бойынша 4 ақпан күнін адамзат бауырластығының халықаралық күні деп белгілеген қарар қабылдады. Бұл құжат дінаралық және мәдениетаралық диалогқа жәрдемдесуге бағытталған.
Ал дата болса, 2019 жылдың 4 ақпанында Әбу-Дабиде ең көне және ең беделді ислам университеті Әл-Азхардың жоғарғы имамы, шейх Ахмед әл-Тайиб және Рим католик шіркеуінің Папасы Францисктің «Бүкіл әлемде бейбітшілік пен бірлескен өмір үшін адамзат бауырластығы туралы құжатқа» қол қоюына байланысты таңдалған.
Қарар қабылданған күннің алдында БАӘ-нің БҰҰ-дағы Елшісі мен тұрақты өкілі Лана Нуссейбе: «Соңғы уақытта әлемде зорлық, өшпенділікті қоздыру, ксенофобия, діни фанатизм және кемсітушіліктің өзге де формаларының күрт өсуі байқалып отыр. Біз осындай трансұлттық қауіптерге қарсы адамдар арасында «адамзат бауырластығы» рухындағы ниеттестік пен бірлікті көтермелейтін бастамаларды қолдауымыз қажет.
Адамзат бауырластығының Жоғарғы комитетіндегі (HCHF) Бас хатшы Гудже Мохамед Әбделсалам өз кезегінде бұл бүкіл әлемнің жауапкершілігіне айналғанын атап өтті.
Қарардың бірлескен авторлары ретінде БҰҰ-ға мүше 34 мемлекет қосылды.