"Qazaqstan" РТРК тапсырысы бойынша түсірілген деректі фильм 12 бөлімнен тұрады. Онда шет елдерде тұратын қазақтардың өмірі мен тұрмысы туралы баяндалады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Qazaqstan" РТРК басқарма төрағасы Ерлан Кариннің айтуынша, аталған жобаның негізгі мақсаты - шетелге қоныс аударған қандастырымыздың өмірі мен тұрмыс-салтын көпшілікке көрсету. "Фильмде Моңғолия, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран және тағы басқа да мемлекеттерде тұратын қазақтардың тағдыры жайында баяндалады. Оны түсіру оңайға түспеді. Себебі теxниканы апару керек. Түсіру жұмыстарын алдын ала келісу керек және тағысын тағы. Бір рет Иранда жергілікті полиция түсіру тобының теxникасын тәркілеп қойды. Дегенмен, біз өз жобамызды ойдағыдай жасап шықтық. "Көшпенділер" деректі фильмдер топтамасы ұлттық арнаның эфирінен 14 қазаннан бастап 23 желтоқсанға дейін көрсетіледі", - деді Е.Карин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Фильмнің режиссері - Қанат Бейсекеев. Ал алғашқы фильмнің кейіпкері - Айшолпан Нұрғайыпқызы. 17 жастағы бүркітші қыз Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Баспасөз мәслиxатында Айшолпан қатты қобалжып, бірден сөйлей алмады. "Мені... осында шақырғаныңызға... өте ризамын. Рақмет айтамын. Мен көп елде болсам да, Қазақстанға келуді армандап жүрдім. Бүгін арным орындалып отыр. Сол үшін білім-инновация қорына және Ерлан ағаға рақмет айтқым келеді", - деді А.Нұрғайыпқызы.
Айта кетейік, 2014 жылы ағылшынның "Daily Mail" басылымы құсбегілік өнерін игерген 13 жастағы қазақ қызы туралы мақала жариялап, Айшолпанды бүкіл әлемге танымал етті. Осыдан кейін режиссер Отто Белл "Бүркітші қыз" (The Eagle Huntres) атты деректі фильмді түсірді. Аталған фильм Оскар сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына да енді. Сол кезде фильм авторлары түсірілім жұмыстарын қалай жүргізгенін де айтып берді.
Ал Австралияның әншісі Сия Ферлер «Angel by the Wings» атты әніне клипті шығарды. Аталған шығарма Моңғолиядағы бүркітші қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы деректі фильмнің ресми саундтрегі болып саналады.