Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
13 адамның өліміне себеп болған Алматыдағы хостел туралы қалалық әкімдік те, төтенше жағдайлар департаменті де білмеген. Бұл туралы Алматы қалалық өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министр құтқарушыларға тар жолдар мен ғимарттың тығыз орналасуы және қою түтін кедергі келтіргенін айтады.
"Өрт ғимараттың жертөлесінен шыққан. Жертөледе көптеген ортопедиялық матрацтар болған. Өрттің ушығуына және тұрғындарға сол кедергі келтірген. Матрацтар жанған. Салдарынан қою түтін шыққан", - дейді Сырым Шәріпханов.
Марқұмдардың отбасына қаралы хабар берілген.
"Жақындарын жоғалтқандарға хабар берілді. Студенттер тұратын жері жоғын оқу орындарына айтпаған, тіпті, бұл хостелде тұратындарын да айтпаған. Бұл хостел туралы жергілікті әкімдік те, төтенше жағдайлар департаменті де білмеген. Адамдардың қандай жағдайда тұрып жатқаны туралы хабары болмаған. Жауапты органдардың мұндай шағын бизнес ғимараттарына тексеру жүргізуге еш заңды құқығы жоқ", - деді Төтенше жағдайлар министрі.
Шәріпханов өрт самокаттан шықты деген ақпаратты нақтылаған жоқ, айтуынша әлі тексеріледі. Министр дәл осы хостелге қатысты ақпарат мүлдем болмағанын айтты.
"Бізде қанша хостел бар екені туралы ақпарат бар. Бірақ бұл хостел туралы ақпарат болмай шықты. Жатақханалар үш типке бөлінеді, 2000 шаршы метрден жоғары, яғни жоғары тәуекелді жатақханалар, 1000 шаршы метр және 1000 шаршы метрден төмен хостелдер. Біріншіден, өрт шыққан ғимарат хостел ретінде тіркелмеген. "2 ГИС"-те де тіркелмеген. Өз басым тексердім. Аумағы 400 шаршы метр болғандықтан, тәуекелі төмен. Біздің мамандар тәуекелі жоғары хостел-жатақханаларды ғана тексереді. Ал мына жағдай бойынша барлық проблемалар толық тексеріледі, жауаптылдарды жазаланады", - деді министр.
Сондай-ақ ол Бас прокуратура рұқсат берсе ғана хостелдер тексерілетінін айтты.