14 нау, 2018 сағат 08:25

Бүгін – Көрісу күні

14 наурыз - Қазақстанның Батыс аймағындағы жұртшылық тойлайтын көрісу күні. Көрісу (Маңғыстау өңірінде "Амал мерекесі" деп аталады) - Қазақстанның Батыс өңірі және Ресеймен шектесетін аймақтарда сақталған көне дәстүр. 

Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәтті-пәттісімен қосып үйіп қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір–біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Кішкентай балаларға аналары шағын пакет ұстатып қояды. Бала қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден пакетіне салып алады. Қазақ қашанда дастарханын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. 

Татулыққа бастайтын бұл жол - ислам қағидаттарына да өте жақын. Көрісу мерекесі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтіледі. Маңғыстауда Амал мерекесі 14 наурыз күні басталып, жалғаса береді. Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейіп келеді. 


Осы мейрамның шығу төркіні хақында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев былайша әңгімелейді:

"Бұл - қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі.

Қазақ халқы жыл басын Наурыздың 22-сінде күн мен түннің теңелу кезінен бастайды. Бірақ Қазақстанның батыс аймағы жыл басын басқа жерлердегідей 22-сінде емес, наурыздың 14-інде тойлайды.

Батыс қазақтары бертінге дейін айлардың арабша атауын пайдаланып келді. Олар: Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп аталады. Олар айдың тууын әр айдың біздің есеп бойынша 14-інен бастаған. Яғни, бізше 14 наурызды айдың бір жаңасы деп есептеген. Өлкемізде осы ескіше (арабша) айлардың аталуына байланысты мақал-мәтелдер жеткілікті.

Қазақ «Таразыда таң суыйды, Сүмбіледе су суыйды» дейді. Әсетте (июль, шілде) таңда таразы деген жұлдыз туады. Осы уақытта таңның салқындауына байланысты айтылған сөз. Мұндай мысалдарды соза беруге болады.

Көрісу қашан және қалай пайда болды? Неліктен бұл дәстүр Қазақстанның өзге өңірлерінде кездеспейді? Аталмыш ғұрыптың түп-төркіні қандай жағдайлардан туындауы мүмкін? Әзірше Отан тарихы ғылымында мұның ғылыми тұрғыда тұжырымдалған нақты жауабы жоқ. Бірақ әр түрлі болжамдар мен жорамалдар бар.

Археолог-ғалым Андрей Астафьев бұл дәстүрді ғылыми тұрғыдан түсіндіріп беруге тырысты. Ол Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттей отырып, Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарда жатыр деген қорытындыға келді. Адай руының аңыздары бойынша адамдар Үстірт аймағы мен Маңғыстау түбегіне шығыстан келген. Бәлкім, осы жерден өздерімен бірге күнтізбелік жүйесін алып келген. Моңғолдар күнтізбесіне сәйкес бір аптада тоғыз күн болған еді. Ал күнтізбенің өзі 22 желтоқсаннан басталады. Күнтізбедегі төрт маусым (көктем-жаз-күз-қыс) тоғыз күннен тұратын кезеңдерге бөлінген. Қысқы күн тоқырауы кезеңінен Жаңа жыл басталып, содан бері күн ұзақтығы созылады. Ал 23 желтоқсан-14 наурыз аралығындағы уақыт - қысқы осындай тоғыз аптадан тұратын кезең. 14 наурыз күні көктем келіп, жапырақтар бүршік түрінде болып, көкек ән салып тұрған. Көктемнің тоғызыншы күні күн мен түннің теңесу күні тойланады.

Қолда бар кейбір там-тұм деректер 14 наурыз Қазақстанның өзге өңірлерінде де Ұлыстың ұлы күні ретінде аталғандай әсер береді. Этнограф Серік Ерғали: «Шын мәнінде халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше - 1 наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың ғұлама ғалымы - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше:1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», - деп жазады.

Ал кемеңгер ақын Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март - ескіше 1 март. Әкей айтты: бүгін ескіше 1 март қазақша Жаңа жыл Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты - Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар деген», делінген.

Кеңес өкіметінің Халком кеңесі 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Кеңес өкіметіне енгізілуі» туралы декретін қолданысқа енгізді. Бұл кезде екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күнге жеткен еді. Ескі күнтізбені 1918 жылдың 31 қаңтарында жауып, келесі күнді 14 ақпаннан бастап санады.

Осы мәліметтерді жүйелей келе түйгеніміз, ғалымдардың бірі бұл Оңтүстік Сібір түркілерінен келе жатқан дәстүр десе, екіншілері Григорян күнтізбесіне енгізілген өзгеріспен байланыстырады.

Сайып келгенде, көрісу күнінің тарих сахнасына қай уақытта көтерілгені туралы тарихшылар арасында ортақ пікір жоқ. Сондықтан оның шығу төркіні әлі де жан-жақты, егжей-тегжейлі зерттеулерді қажет етеді.

Кейбір әріптестеріміз аталмыш дәстүрдің пайда болуын өңіріміздің географиялық ерекшелігімізден іздейді. Тарқатып айтсақ, Батыс Қазақстан аймағында өмір сүрген ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандығын алға тартады. Мәселен, қар еріп, жер жіби бастағанда, шеті мен шегі жоқ сайын далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған.

Осы орайда тағы бір назар аударарлық нәрсе, дәстүрдің тарихи мәнін бұрмалап, аталмыш ұлттық мейрамға айт сөзінің қоса айтылуының дұрыс еместігін көтеріп жүрген қаламгерлердің бар екендігі. Ашып айтсақ, көрісу айт деп айтудың түбегейлі қате екендігі. Өйткені айт бұл діни мереке. Дінімізде Оразадан кейін үш күн айттайды, одан соң жетпіс күннен соң Құрбан айт өтеді. Айттың көріске еш қатысы жоқ. Сондықтан көрісуді ел болып ұлттық нақышта, салт дәстүрімізге байланысты өткізуіміз керек".

«Ойымызды тобықтай түйсек, бүгінгідей жаһандану заманында қазақтың ұлт болып, мемлекет болып сақталып қалуының бірден-бір кепілі - ұлттық иммунитетті күшейту, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың санасына сіңіру. Сондықтан ел бірлігіне, ынтымаққа бастайтын Көрісу мейрамын тойлаудың еш артықтығы жоқ. Мереке құтты болсын, ағайын!», деп түйіндеді ойын Жаңабек Жақсығалиев.

Айта, кетейік, кейбір сарапшылар Көрісуді Юлиан күнтізбесінен Григориан күнтізбесіне ауысумен байланыстырады. Алайда есептеп қарағанда, бұл қисынға келмейді. Көрісу ең алдымен қазақ халқының көшіп-қону салтына байланысты. Ертеректе қазақтардың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғандықтан, әр рудың өзінің көктеуі, жайлауы, күздеуі және қыстауы болған.