Фото: taldykorgan-online.kz
Бүгін – ғашықтар күні. Жыл сайын 15 сәуірде аталып өтетін бұл күн – шынайы сезім мен адал махаббатты дәріптейтін ерекше күн. Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні деп аталуында да үлкен мән жатыр. Қазақ халқының тарихында мәңгілік махаббаттың символына айналған Қозы Көрпеш пен Баян сұлу – ұлттық әдебиетіміздегі ең көрнекті ғашықтық жыр кейіпкерлері. Дегенмен бүгін Ult.kz тілшісі бүгінгі ақындардың жүрегіндегі махаббат сырына үңіліп көрді.
«Перронға шығам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Бәрін де ұғам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Сағынбан енді дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
«Махаббат өлді» дегенше,
Өлтіріп кетші мені!», – деп махаббаттың өлмейтінін, мәңгілік екенін жырлаған бүгінгінің лирик ақыны Ерлан Жүніс сезім деген құдіретті күштің адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін айтып берді.
Фото: malim.kz
«Адам баласына берілген ең ғажап екі сыйлық бар: оның бірі - өмірге жолдама болса, екіншісі - сүю қасиеті. Егер бір құдіретті күш өмірден ғашықтық сезімін алып тастаса, дүние бірден түссіз, иіссіз, өңсіз, дыбыссыз, дәмсіз құбылысқа айналып кетер еді деп ойлаймын. Біз сүйгендіктен ғана гүлдер алуан түске еніп, құстар құйқылжыта ән салып, жаңбыр иісі жүрегімізді қытықтайды. Әр күн - ғашықтар күні, әр сәтте жүз мыңдаған жас жүрек әлдекімге ынтық болады, жүрдек соғып, жұлқына ұмтылады, атқақтап, асқақ сезім кешеді. Сондықтан да сәт сайын дүние жаңарып, жасарып тұрады», – дейді ақын Ерлан Жүніс.
15 сәуірдің бұл күнтізбелік дата ретінде таңдалуы – кездейсоқ емес. Тарихи деректерге сүйенсек, Қозы мен Баянның арасындағы оқиға көктем мезгілінде орын алған. Бұл – табиғаттың жаңарып, махаббат пен өмірдің гүлдену кезеңімен астасып жатыр. Жастардың сүйіспеншілік сезімін дәл осы мезгілде білдіруі, бұл күннің символдық мәнін арттыра түседі.
Қазақстанда бұл күн 2011 жылдан бастап бейресми түрде аталып өте бастады. Әсіресе жастар арасында бұл дата танымалдыққа ие болып, әлеуметтік желілерде ерекше мазмұндағы жазбалар жарияланып, поэзиялық кештер, флешмобтар мен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылады. Ғашықтар, жастар, ерлі-зайыптылар бір-біріне сыйлық беріп, әдемі бір күнді көңілді өткізеді. Сыйлық демекші, жас ақын, Ziyat кітап дүкенінің иесі Асылан Тілеген ғашықтарға арналған махаббат туралы құнды кітаптар бар екенін де атап өтті.
Фото: zhasalash.kz
«Құдайдың бізге бұйыртқан әр күнін, әр сәтін шуақты қылып өткіземіз десек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні атап жүрген бұл күннің де еш сөкеті жоқ сияқты. Қайта қым-қуыт тіршілікке белшеден малынып жүргенде үйіңнің оты - жан-жарыңа бір мезгіл гүл сыйлап, көптен сұрап жүрген қажетті затын сыйлап жіберсең, оның не жаманы бар?! Бұл енді өзімнің отбасылық жағдайыма байланысты айтқаным. Ал әне-міне отбасын құрамыз деп серт байласқан жұп бұл күнді асыға күтетіні онсыз да белгілі. Оны көріп жүрміз.Біздің Ziyat кітап дүкенінен кітап алып, бір-біріне сыйлап жатады. Сондайда олардың ең жақсы сыйлық - кітап сыйласқанына қуанып қаламыз. «Махаббат, қызық мол жылдарды” екібастан күн құрғатпай алады. Кейін шыққан кітаптардың ішінде Муракамидің «Норвег орманы», Остиннің «Тәкаппар ғашықтары», Нұржекеевтің «Ерлі-зайыптылары» өтімді», – дейді Асылан Тілеген.
Жас ақынның мына бір өлеңін оқып көрсеңіз, жас жүректің буырқанған сезімге толы екенін жұрекпен сезесіз.
«Сен мені сүйесің бе?» деп сұрашы,
Сұрашы,
Оның ешбір жоқ кінәсі,
Көзімнің көкке тамып кетті жасы...
«Сен мені сүйесің бе?»
Деп сұрашы.
Жауабын білемін ғой тек қана мен,
Бір сәтке қалғанында тоқтап әлем.
Кеудемді қарс айырып кіре сала,
Сол сәуле жүрегіме жеткен әрең.
Жауабын білемін ғой тек қана мен.
«Сен мені сүйесің бе?» деп сұрашы... Дәл осылай жырлау үшін Асылан Тілегеннің жүрегіне бір үңіліп көру керек-ті...
Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні – тек ғашықтар мейрамы емес. Бұл күн – ұлттық әдебиетіміз бен тарихымызға тағзым, жас ұрпаққа махаббат пен адалдықтың, сабыр мен сенімнің мәнін жеткізетін рухани күн. Әдебиет демекші, ғашықтарға, махаббатқа арналған жыр көп. Мәселен:
«Бiлмеймiн мен – кiм болады есiмiң,
Қашан өмiр ашар саған есiгiн?
Бiрте-бiрте әкелiкке жақындап,
Терiп келем талайымның несiбiн.
Бiр күнiмнiң қызығы асып бiр күннен,
Шақтарым көп босқа жүрiп, құр күлген.
Сен түгiлi, саған шеше болатын,
Жанға әлi кездесе алмай жүрмiн мен». Бұл ақын Есей Жеңісұлының «Балама сыр» атты өлеңі. Қарап отырсаңыз, махаббат деген ұлы сезім жүректе де, өлеңде де, өмірде де бар, бола да бермек. Ең бастысы, ғашықтар үшін әр күн, әр сәт мейрам екені даусыз.
Ақбота Мұсабекқызы