09 жел, 2024 сағат 16:09

Бүгін Бейсен Құранбектің туған күні


Бүгін 9 желтоқсан талантты журналист Бейсен Құранбектің туған күні, деп хабарлайды madeniportal.kz.

Бейсен Құранбек 1971 жылы 9 желтоқсанда Алматы облысында өмірге келді. 49 жасында өмірден озды. Ол 2013-2017 жылдары "Айтуға оңай" әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуын жүргізді. 2017 жылы ұлттық арнада "Қарекет" бағдарламасының тізгінін ұстады. 

Белгілі журналист Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Бейсен Құранбектің денсаулығы сыр беріп, біраз уақыт асқазанын емдетіп жатқаны туралы айтылып жүрген болатын.
Талантты журналист Бейсен Құранбек көз жұмғаннан кейін, ол туралы кітап жарық көрді. Кітап “Біздің Бейсен” деп аталды. Жинақта қазақ елінің біртуар перзенті, тірісінде аты аңызға айналған тележурналистика тарланы – Бейсен Абайұлы Құранбектің дүниеден өтуіне байланысты жазылған естеліктер, көңіл айту жеделхаттары, ақындардың арнау жырлары топтастырылған. Жинақ Бейсен Құранбекті құрметпен еске алушы қалың көпшілікке арналған.

Кітапты құрастырушылар: Есболат Айдабосын, Ришад Тұрғанбай, Арай Жүндібаева, Ақжелең Рахаддин, Жансая Шыңғысхан.

Одан бөлек, Санжар Керімбай және Абзал Құспан шығарған "Бейсен және болмыс" кітабы да қалың қазақтың көңілінен шыққан.

Бейсен Құранбек қайтыс болғаннан кейін ел арасында оның соңғы жазбасы кең тарап кетті.

"Білу - бөлек, түсіну - басқа. Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім... Бірінші, Ұстазым жиі айтатын "бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол- ниеттің, тілектің, батаның күші" деген сөздің рас екенін. Екінші, халқымыздың "басты байлық - денсаулық" деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым. Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған "Байлық - қолға ұстаған мұз, Бақыт - басқа қонған құс, Бала - артта қалар із, бұл өмірдің қызығы - Сіз бен Біз" деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін әр клеткаммен сезіндім", - деп жазды тележүргізуші соңғы жазбасында.