13 қыр, 2022 сағат 15:34

Британия барлаушылары Ресейдің әскері әлсірегенін айтады

Украина әскериі Ресей әскерінің қираған танкісінің жанында тұр. 11 қыркүйек 2022 жыл.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Украинадағы соғысқа қатысты 13 қыркүйектегі хабарламасында Ресейдің әскери күшінің әлсірегенін жазды, деп хабарлайды Азаттық.

"Харьков облысындағы қарымта шабуыл кезінде артқа шегінген Батыс әскери округіне тиесілі 1-гвардиялық танк әскері – Ресейдің қарулы күштеріндегі беделді бөлімше. Ресейге шабуыл жасалған жағдайда дәл осы бөлімше Мәскеуді қорғауы тиіс. Ал НАТО-мен соғыс болған жағдайда қарымта шабуылға осы танк әскері шығуы керек" деп жазады Британия барлаушылары.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің пайымдауынша, 1-гвардиялық танк әскері Украинадағы соғыстың алғашқы кезеңінде көп шығынға ұшырап, Харьков облысындағы қарымта шабуылға дейін күш жинап үлгермеген. Британия барлаушылары Ресейге бұл әскери әлеуетін қалпына келтіру үшін жылдар кетеді деп санайды.

Украина қарулы күштері қыркүйекте бірнеше күн ішінде Харьков облысында Ресей әскерилері бірнеше айдан бері ұстап отырған жерлердің біраз бөлігін қайтарып алды. Украина президенті Владимир Зеленский қыркүйектің басынан бері Украина әскерилері 6 мың шаршы шақырым жерді қайтарды деп мәлімдеді. Ал Ресей қорғаныс министрлігі мұны әскерилерді "қайта орналастыру шарасы" деп атайды.

Дегенмен қазір Ресей Украинада Херсон, Запорожье, Луганск, Донецк, Харьков облыстарының бір бөлігін бақылауда ұстап отыр.