Британдық инвесторлар Астана газ құбырын тарту құрылысына қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат" ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановқа сілтеме жасап.
«Сыртқы істер министрлігі бірқатар индустриялық орталық пен елорданы газбен жабдықтауға қосатын жаңа газ құбыры жобасына инвестиция тартуға көмектесетін болады. Қазіргі уақытта британдық инвесторлардан нақты ұсыныс бар», - деп жазады министр «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген бағдарламалық мақаласында.
Қайрат Әбдірахмановтың атап өтуінше, Қазақстанда инфрақұрылымдық жобалардың басты күрделілігі жер шалғайлығымен байланысты. Сондықтан олар нақты техникалық есептеулер мен халықаралық тең қаржыландыруды қажет етеді. Сонымен қатар оның айтуынша, муниципалды, өнеркәсіптік және жеке секторларды газға көшіру энергия тиімділігін арттыруға және климат өзгеруінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Бұл Қазақстанның бірқатар халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастығының басымдығы саналады.
«Астана, Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларының тұрғындары Мемлекет басшысының бастамасын зор қуанышпен қабылдағанына сенімім мол», - деп атап өтеді Сыртқы істер министрі.
5 наурызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жария етті. Бесінші бастама елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруды көздейді. Атап айтқанда Қараөзек (Қызылорда облысы) - Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруды қарастырады.