ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев браконьерлер жаралаған «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы Самат Оспановты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министр астанадан Көкшетауға арнайы келіп, Ақмола облыстық көпбейінді аурханасында емделіп жатқан қорықшымен кездесіп, хал-жағдайын сұрап білді. Қорықшының қызмет бабындағы ерен ерлігі мен жанқиярлығын айта келе, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған мемлекеттік награда - ІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүгін Көкшетауға арнайы келіп, Самат әріптесімізге ыстық сәлемін жеткізіп отырмын. Бүгінгі күні қорықшылардың жұмысы өте ауыр. Бұған соңғы кездегі оқиғалар айқын дәлел. Сондықтан, алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Браконьерлермен күресуде заңның қатал болғаны маңызды», - деп атап өтті министр.
Аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Дмитрий Чайковтың айтуынша, қорықшы «кеудесіне тиген оқтан жарақат» және «сол жақ иығының жаралануы» диагноздарымен келіп түскен.
«Науқасқа ота жасалып, денесіндегі бөтен зат алынды. Дер кезінде жеткізіліп, жедел ота жасалғандықтан оның жағдайы жақсы. Қазіргі кезде науқас нейрохирургия бөлімшесінің палатасына ауыстырылып, сонда одан әрі ем қабылдауда», - деді Дмитрий Чайков.
Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, 23 шілдеде шамамен сағат 11.00-де «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарға қарсы киік ату фактісін анықтайды. Заң бұзушылардың ізіне түскен екі инспекторға қарсы оқ атылып, соның салдарынан 1976 жылғы инспектор көз жұмды, ал, оның 1975 жылғы әріптесі жараланып, Жарқайың аудандық аурханаға жатқызылған еді.
Қайтыс болған қорықшының артында төрт баласы – үш қызы мен бір ұлы қалды.
Сонымен қатар, аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 99 бабының 1 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Жедел іздестіру шарасы барысында күдіктілер Арқалық қаласының 45 жастағы тұрғыны мен оның 20 жастағы баласы ұсталды.
Бүгін Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Қоскөл ауылында осы оқиғадан қаза тапқан «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Қаныш Серікұлы Нұртазиновты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Оның да отбасына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған мемлекеттік награда - қызмет бабында ерен ерлігі мен жанқиярлығы үшін I дәрежелі Айбын ордені тапсырылды.